Қаржы пирамидасы: Оралда оңай олжаға кенелмек болғандар көзге түсті
Орал қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оңай олжаға кенелмек болғандар қолға түсті. Қазір Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облыстық департаменті Chia Tai Pharmaceutical компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. Алаяқтар өздерін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген. Аңғал тұрғындардан түскен ақшаны кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген. Жеке тұлғаларға келген шығын көлемі 770 миллион теңге шамасында.
Сағадат Ғаділжанов, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі:
-Қазіргі уақытта қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз.