Хабар телеарнасы

Қарумен жасалатын қылмыс саны екі есе азайды

Бұл полицияның заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясының алғашқы нәтижелерінің бірі. Сәуірден бері қазақстандықтар 1 мың 180-нен астам қару-жарақ пен 18 мыңнан астам оқ-дәріні ерікті түрде полицияға тапсырған. Оларға бұл үшін республикалық бюджеттен 84 миллион теңге төленді. Бірқатар облыста қаржының игерілуіне байланысты науқан тоқтатылды. Акцияға биыл бас-аяғы 88 млн теңге бөлінген. Қаруды тапсыру бойынша Түркістан облысы алдыңғы орында. Өңірде 187 бірлік қару ерікті түрде өткізілді. Ал Жамбыл өңірінде 134 қару тапсырылған. Үштікте Қызылорда облысы да бар. Мұнда тұрғындар 94 қаруды өткізген.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті қару айналымын бақылау басқармасының бастығы:
-Қаруды тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық жай-күйіне байланысты әр бірлігі үшін 34 мыңнан 345 мыңға дейін әртүрлі болады. Сыйақы көлемін қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде құрылған комиссиялар белгілейді.