ОҚО студенттері «70 күн – 70 игі іс» марафонын бастады
Жоғары оқу орнында «Әуезовшілер» деп аталатын еріктілер жасағы құрылған.
Олар университет ғимаратының кіре берісінде Мәңгілік алау отын тұтандырып, сол жерде фотоплакат ұйымдастырды. 70 игі істің алғашқысы ретінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін шақырып, студенттермен кездесу өткізді. Ары қарай әр күнге белгіленіп қойған жоспар бойынша шаралар өтпек. Студенттердің өздері «Біз соғысты көрген жоқпыз» деп аталатын театрландырылған көрініс көрсетеді. Жатақханалардың барлығында Ұлы Отан соғысы тақырыбына мәдени, әдеби және спорттық шаралар өткізілмек. Ардагерлердің үйлеріне барып, түрлі тұрмыстық көмек те көрсетпекші. Бұл жоғары оқу орнының бастамасын өзге 20 институт, колледж, университеттер қолдайтын болыпты. Олар да өздерінде осындай шараларды өткізбек. Ал облыстық жастар орталығы осы бастаманы үйлестіріп отыруды міндетіне алған. Студенттер мұндай шаралар жастардың рухын жандандыруға сеп болатынын айтады.
Қанат Байболов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры
- Қазақстанда бейбітшілік, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті, отансүйгіштікті арттыру, жастарды тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шара деп ойлаймын. Сондықтан да біздің жастар бастап отырған шара ары қарай жалғасын табады.