Ана мен балаға әлімжеттік көрсеткендер енді қатаң жазаланады
Елімізде педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын мақұлдады. Аталған құжатта кімдерге тағы қандай жаза қарастырылған?
Ана мен балаға әлімжеттік көрсеткендер енді қатаң жазаланады. Оны қазір рет-ретімен баяндаймын.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді осыдан бірнеше жыл бұрын Президент тапсырған болатын. Нәтижесінде қолданыстағы заңдарға көптеген өзгерістер енгізілді. Депутаттар оларды былтыр күзден бері талқылап келеді. Мәжіліс оны мақұлдап, ілеспе заң жобасын да назарға алды. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасында мынадай негізгі нормалар ұсынылған. Біріншіден, әйелдер мен балаларды ұрып-соғуды және олардың денсаулығына жеңіл зиян келтіруді қолданыстағы әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауыстыру және жазаны қатаңдату қарастырылды. Екіншіден, жәбірленушінің өтініш беруін күтпей-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттегі зорлық-зомбылық туралы дәлелдің негізінде сотқа арыз беруге мүмкіндік туып отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы арнайы норма бар. Суицидті насихаттау немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ескерілген. Бұған қоса балаларға арналған интернаттық ұйымдарды алдын ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды.
Елімізде 2022 жылы тұрмыстық жағдайда болған 25 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 48 мыңға жетіпті. Осылайша бір жылда өз үйінде, жақындарының жанында отырып-ақ жәбір көргендердің қатары бірден 90% көбейген. Ал мұның барлығына бірінші кезекте алкогольдік ішімдіктер сеп болған.
Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, кейінгі кезде елде заңды белшесінен басып, отбасы тұрмақ қоғамның қақ ортасында жүріп-ақ, ойына келгенін істейтіндер көбейіп кеткен. Премьер-министрге сауал жолдаған депутат, құқықбұзушылықтардың алдын алу дұрыс ұйымдастырылмағанын айтады. Осылай деген ол жақында Қарағандыда болған жағдайды мысалға алды. «Айдың-күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп сабау — нағыз барып тұрған бассыздық»,— дейді ол.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай, жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.
Өкінішке қарай мұндай мысалдар жетерлік. Депутаттың айтуынша, оған тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарауы мен халықтың құқықтық сауатының төмендігі себеп. Өйткені бізде әлі күнге дейін кез келген мәселені жуан жұдырықпен шешуге болады деп ойлайтындар бар. Сондықтан жауапты министрліктер Президент айтқан заң мен тәртіп үстемдігін қалтқысыз қамтамасыз етуі тиіс.
Бізде қылмыскерлерді тезге салатын түзету мекемелерінің де материалдық-техникалық базасы мәз емес. Бұл мәселені депутат Абзал Құспан көтерді. Айтуынша, Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 1500-дей ғимарат болса, соның жартысынан астамы тозып тұр. Тағы 20% апаттық жағдайда. Ал тәуелсіздік алғалы бері елімізде бірде-бір жаңа мекеме салынбаған.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-2021 жылы Маңғыстау облысындағы қатаң режимдегі колония құлап, үш адам үйінді астында қалып өлді, былтырғы жылы Оралдағы тергеу изоляторында ерлердің қабырғаны тесіп, әйелдер жағына өтіп жүргені туралы видео бүкіл әлеуметтік желіге тарады, өйткені ғимарат өте ескі, Екатерина II-нің тапсырмасымен салынып, 19 ғасырда пайдалануға берілген, содан бері түрме қызметін үзіліссіз атқарып келеді, қазіргі таңда апаттық жағдайда. Бірақ түрмелердің ең ескісі ол емес, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторы 18 ғасырдан бері қолданыста. Асылы бұлар түрме емес, әлдеқашан музей қызметін атқаратын ғимараттар.
Сөз соңында тағы бір ақпар. Қазақстанда соңғы жылдары әйтеуір қылмыс азайып келеді. Соңғы 5 жылдың ішінде ол 32% төмендепті. Бірақ әкімшілік құқықбұзушылықтың кемитін түрі жоқ. Кейінгі жылдары олардың қатары 2 есе өсіп, 5 млн-нан 10 млн-ға жеткен.