Экология вице-министрлерінің бірі жемқорлық дерегі бойынша ұсталды
Еліміздің Экология және табиғи ресурстар вице-министрлерінің бірі жемқорлық дерегі бойынша ұсталды. Мұны Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет растады.
Ал Павлодарда «Ертіс орманы» мекемесінің басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен Мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысы тарапынан пара алу деректерін әшкерелеген. Ол кәсіпкерлерге орманды заңсыз кесуге және сатуға рұқсат беріп, сол үшін пара алып отырған. Сондай-ақ мекеменің есепшілеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оларға соңғы екі жылда 25 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Ал Шымкентте қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы тура жиналыс үстінде ұсталды. Ол шаһардың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген қаржыны қолды қылды деген күдікке ілініп отыр. Мемлекетке келтірілген залал - шамамен 120 млн теңге. Күдікті қамауға алынды.