Қуандық Бишімбаевтан барлық тараптың қатысуымен жауап алынды
Сотталушы алдымен Салтанат Нүкенованың ата-анасы мен туыстарынан кешірім сұрады. Дегенмен қасақана кісі өлтірді деген айыппен келіспейтінін тағы да жеткізді. Айтуынша, әйелін әдейі өлтірмеген. Мұнан соң ол 4 сағатқа жуық зайыбы екеуінің қарым-қатынасы туралы баяндады. Сөзіне сенсек, Салтанатқа өмірінде екі рет қол көтерген. «Қанаттыға қақтырмадым, тұмсықтыға шоқтырмадым»,— дейді. Қаражаттан да қысылмағанын айтады. Ал ұрыс-керіске үнемі Салтанаттың өзі себепші болатын, өйткені «мені жөнсіз қызғанатын» деді. Тіпті әйелінің психикалық ауытқуы бар ма деп қорыққан көрінеді. Бірақ бүгінгі отырыста қайғылы оқиға болған күн туралы айтылмады. Себебі Бишімбаев оған «шаршадым» деп, келесі отырыста мәлімдеуді өтінді. Ол 3 сәуір күні, таңғы 10-да болады.