Орал қаласындағы қарт майдангерлердің бірі 95 жасқа толды
Осылайша 20-ға жаңа толған бойжеткен партизандар қатарына келіп қосылады. Ғасырға жуық жасаған кейуана соғыстан кейінгі уақытта да түрлі қиындықтарды бастан кешірді. Ол қазір ет жақындарымен емес, бөтен кісілермен бірге тұрып жатыр. «Бірақ олар менімен бірге туыспаса да, туғанымдай болып кетті», - дейді ардагер.
Надежда Мельникова неміс басқыншыларымен белорус партизандарының қатарында жүріп шайқасты. Қарғыс атқыр сұм соғыстың кесірінен ол ата-анасы мен артынан ерген үш бірдей сіңлісінен айрылды. Немістер оларды үйдің ішіне қамап, өртеп жіберген. Ал екі ағасы майдан даласында қаза тауыпты. Жасы 20-ға енді ғана толған бойжеткен Беларусь жеріндегі Полесье партизандары жүргізген түрлі операцияларға қатысып, жау әскеріне қару-жарақ тасу үшін пайдаланған шойын жолдарды жарады.
Надежда Мельникова, ҰОС ардагері
-Мен негізінен темір жолға сол жарылғыш заттарды қоюмен айналыстым. Миналау үшін алдымен рельстің астын жақсылап қазасың. Сосын міндетті түрде паровоз жарылуы керек. Ең алдымен соның көзін құртсаң болды, қалған вагондар өздігімен аударылып қалады.
Майдангер соғыс уақытында снарядтың жарықшағы тиіп, бір рет жеңіл жарақат алған. Надежда Мельникова Минск құрамасының 199-шы партизандар бригадасы қатарында шайқасып, Польша мен Германияның шекарасына дейін жетіпті.
Надежда Мельникова, ҰОС ардагері
-Фашистерден кек алу үшін Берлинге дейін баруға тас-түйін дайын болатынмын. «Сен әлі жассың, оққа ұшып жазым боласың», - деп командирім жібермей қойды.
Ол соғыстан кейін де түрлі қиындықтарға тап болды. Сүйіп қосылған жары мезгілсіз қаза болды. Одан жалғыз ұлын жер қойнына тапсырды. Қу тізесін құшақтап, жалғыз қалды. Осындай қиын сәтте не істерін білмей қатты күйзелген кейуанаға ескі танысы Галина Шукурова көмек қолын созды. Олар бұрын отбасымен жақсы араласқан екен. Қазір бір шаңырақ астында тұрып жатыр.
Галина Шукурова, Орал қаласының тұрғыны
-Кіші қызым тұрмысқа шыққан соң, үйде бір бөлме босаған еді. Сол себепті мен ол кісіні өз қолыма алдым. Қарсы болған жоқ, қайта бірден келісе кетті. Міне, екі жылдан бері бірге тұрып жатырмыз. Оның ескі барақ үйінде не су, не газ жоқ болатын. Жасы келген адамға мұндай жағдайда өмір сүрудің оңай еместігін белгілі.
Соғыс ардагерін жерлестері ешқашан ұмытқан емес. Надежда Александровна тоқсанның бесеуіне келді. Аймақтық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент ұжымы бүгін майдангерді туған күнімен және алда келе жатқан 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап шықты. Надежда Мельникова: «Бұдан былай жер бетінде соғыс өрті тұтанбасын, мен көрген қиындықты сендер ешқашан көрмеңдер», - деген тілегін айтты.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов