Елімізде 18 мыңнан астам адам нашақор ретінде тіркелген
Есепте тұрғандардың саны мен есірткімен байланысты қылмыстық істер көбейген. Жыл басынан бері есірткіге қатысты үш мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 23 зертхана жойылған. Бүгін Сенатта Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев есірткі қылмысы жасөспірімдер арасында өршіп тұрғанын айтты. Мысалы, есірткі өндірушілер 16 жасқа дейінгілер заң бойынша жауапкершілікке тартылмайды дегенді желеу етіп, мектеп оқушыларын заңсыз жолмен жеңіл ақша табуға үгіттейді екен. Жауаптылар ата-аналарды сақ болуға шақырады.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
-Жыл басынан бері 20 жасөспірімнің есірткі қылмысына қатысқаны анықталды. Өткен жылы осындай 41 қылмыстық іс тіркелген. Ал күні кеше тағы бір мектеп оқушысы ұсталды. Бірден өңірдегі білім басқармасына хабар берілді. Заңсыз әрекетке барған азамат 15 жаста болғанымен, оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Есірткіні жасырған жерлері мен сатып алған азаматтары анықталуда.