Хабар телеарнасы

Сәбидің құны 100 мыңнан басталады. Тірі тауар сататын кімдер?

100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін. Ащы болса да шындық бұл еліміздегі бір сәбидің құны. Биылдың өзінде нәресте сатудың 3 дерегі тіркелген. Қылмыстың бұл түрімен күресу үшін бүгін Мәжіліс адам саудасына қатысты заңды екінші оқылымда қабылдады. Онда құзырлы органдардың қызметі мен жауапкершілігі нақтыланып, осал топтарды қорғау тетіктері нығайтылған.

Тірі тауарды қайта-қайта сату. Осы салада жүргендердің табыс табу тәсілі осы. Бұл қылмыстың азаймай тұруының басты себебі де содан болар. Сарапшылардың бағлауынша әлем бойынша оның жылдық қаржы айналымы 270 млрд доллардан асады. «Заңды әзірлеу алдында өзгелердің тәжірибесін зерттеп өзімізге керек деген тұстарын қабылдадық»,— дейді депутаттар.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Шетелде болды ма, біздің елде болды ма, тіпті мынандай категория бар. 12 категория. Біз 1 жылдың ішінде жұмыс істеп жеткіздік. Оларды алдайды шетелде жұмыс істегенге. Қазір біз туристік фирмаларды да жауапкершілікке кіргізіп жібердік. Сендер алдап шетелге шығарып, халықты қалдырып кетсеңдер, сендерді қылмыстық іске жазаға тартасыңдар.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр адам саудасына қатысты 93 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 67-сі қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу. Жеңгетайлар бойжеткендерді шетелге де сатқан.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Былтыр осындай қылмыспен 17 адамды жауапқа тарттық. Бахрейн мемлекетке олар біздің жас қыздарды апарып, жыныстық қанауға салған.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Басқарма бастығының орынбасары:
-Адам саудасына қатысты қылмыстарға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл жерде қылмысты жасау тәсілі, қанша адаммен жасалды, қалай жасалды осылардың бәрі ескеріліп жаза тағайындалатын болады.

Адам саудасының жиі тіркелетін орындарыда анықталыпты. Олар Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Орал және Шымкент қалалары.

Шахноза Хасанова, қоғамдық ұйым жетекшісі:
- Бұл заңнамада профилактика дейміз ғой, соғанда көңіл бөлінген. Оларға қалай көмек көрсету. Қалай анықтау. Әрі қарай олардың құқықтарын қорғау бойынша заңнама бізге соны береді және де бүгінгі таңда адам саудасының құрбандарына тек қана әйелдер мен ер азаматтар ғана емес кәмелет жасына толмаған балаларда ұшырап келе жатыр.

Зейнал Гаджиев, БҰҰ миграция бойынша аймақтық үйлестірушісі:
- Адам саудасы жабық қылмыс. Біз тек анықталған фактілерге сүйеніп статистика жасаймыз. Шынайы деректі білу мүмкін емес. Оның үстіне адам саудасы түрлі сипатта дамуда. Демек онымен күресу тәсілінде жетілдіріп отыру қажет. Қазақстанда арнайы заң қабылданғаны қуантарлық жағдай.

Әлемде адам саудасы есірткі саудасынан кейін көлеңкелі бизнестің көшін бастап тұр. Осы қылмыспен күресуге арналған заңды әзірлеу кезінде депутаттар құжатқа 100-ге жуық түзету енгізіпті. Оған сай тараптардың татуласуына рұқсат жоқ. Былайша айтқанда тірі тауар сатқандар кешірілмейді.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков