Хабар телеарнасы

Қаржылық мониторинг агенттігі жарты жылда 36 қаржы пирамидасын әшкерелеген

Қаржылық мониторинг агенттігі биылғы жарты жылдықта 36 қаржы пирамидасын әшкерелеген. Сондай-ақ 200 WhatsApp, Telegram чаттарды тоқтатқан. 182 чатты мүлде жойған. Осылайша сол жерде отырған 126 мың азамат қаржы пирамидасының құрығынан аман қалды.

Бұл ақпарат Астанада Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен өткен «АФМ - онлайн» конференциясында айтылды. Жиынға 5 министрліктің басшысы, елге танымал медиа тұлғалар, миллиондаған жазылушысы бар блогерлер қатысып, қаржы пирамидаларын анықтау, әлеуметтік желідегі заңбұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады. Онлайн режимдегі пікірталасты еліміздегі 35 университеттің 20 мыңнан астам студенті тыңдады. 

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
-Бұл форумның мақсаты - қаржы пирамидаларына, қаржылық алаяқтыққа қатысты мейлінше ауқымды ақпарат беру. Құзырлы органдармен бірлесіп, қаншама заңбұзушылықты әшкерелеп жатырмыз. Бірақ ұйымдастырушылар бір орында тұрмайды, күннен күнге схеманы өзгертіп отырады. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жастарды ақпараттандыру мәселесіне ден қоюымыз керек. Әсіресе жастар - ең осал аудитория. Олар әлеуметтік желіде отырады, сәйкесінше алаяқтықтың құрбаны да солар болады.

Нұрбол Орынбек, Alayaq.net жобасының жетекшісі:
-2023 жылы 25 мың алаяқтық тіркелген. Оның 18 мыңы - интернет алаяқтық. Оның ішінде ең ауқымды контактілі алаяқтықты әшкереледік. Ол Қытаймен бизнес саласында. Қытайдан ыдыс әкеп береміз деп елді алдаған Айс Мұратованың кейсі осы біздің Alayaq.net жобасында көтерілген еді. Қазір сот процестері жүріп, қамаққа алынды.