Ленин шахтасындағы апат: сот үкімі шықты
Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада қаза тапқан кеншілер ісі бойынша сот үкімі шықты. Төрт басшы қамауға алынды. Олар өндіріс кезінде екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтыратындай қауіпсіздік ережелерін бұзды деп айыпталды.
Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың қараша айында Ленин шахтасында апат болып, салдарынан бес азамат қаза тапқан еді. Төрт жұмысшы жарақат алды. Сот шешімі бойынша айыпталушылар 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Исламхан Есенбаев, Шахтинск қалалық сотының судьясы:
- Қауіпсіздік техникасы учаскесінің басшысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын және 3 жыл мерзім ішінде тау-кен өндірісі саласында лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылсын. Жазаны қауіпсіздігі төмен қылмыстық- атқару жүйесінің мекемесінде өтейді.