Хабар телеарнасы

Талдықорғанда білім бөлімінің басшысы 11 жылға сотталды

Талдықорғанда қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Жолдыхановқа қатысты сот үкімі шықты. Ол өзі басшылық еткен мекемеде бюджет ақшасын жымқырумен айналысқан топтың әрекетіне көз жұма қарағаны үшін пара алды деп айыпталды.

Нақтырақ айтсақ, лауазымды қызметкерлер 2020-2023 жылдары мектепте жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына заңсыз жалақы аударып отырған. Олардың бұл әрекетінен мемлекетке 4,3 млрд теңге залал келген.

Сотта Жолдыханов аталған фактілерді жасырғаны және осы бөлімнің бас бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Ж. Жолдыханов 11 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Алдын алу шаралары аясында тыңдаулар сотталған ұжымның қатысуымен өтті.