Хабар телеарнасы

Талдықорғанда ₸4,6 млрд ұрлаған экс-бухгалтерлер сотталды

Талдықорғанда атышулы «Бухгалтерлер» ісіне қатысты сот үкімі шықты. Қалалық білім бөлімі мен орта мектептердің 21 есепшісіне 4,5 млрд теңгеден аса қаражат ұрлады деген айып тағылған еді. 244 томдық қылмыстық іс төрт айдан аса қаралып, күдіктілерге әртүрлі жаза кесілді. 10 адам ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаржысын қолды қылғаны үшін кінәлі деп танылды. Тағы он есепшінің қаражат жымқыруға қатысы бар екені дәлелденді. Бір айыпталушының қаза табуына байланысты іс тоқтатылды, екі адам ұзақ мерзімді үй қамаққа алынса, қалғандары 7 мен 15 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. Ең ауыр жаза қомақты қаржыны көлігіне тиеп қашып бара жатқан жерінен ұсталған қалалық білім бөлімінің бас бухгалтеріне тағайындалды. 

Бақыт Ермаханов, облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
-Үш жылдан аса Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері Сергазинова әріптестерімен 7 білім бөлімі және 14 мектептің бухгалтерлерімен бірге қылмыстық әрекеттерді жасаған. Оның басшылығымен алдын ала сөз байласу бойынша «өлі жандарға» және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңге ұрлаған. Сотталушылардың кінәлары толық дәлелденді.