Хабар телеарнасы

Алматыда ауыр қылмыс ашылды

Алматыда ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтіріп, қылмыстың ізін жасыру үшін үйге өрт қойған күдікті қолға түсті. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жедел тергеу тобы құрылып, қазір адам өлтіру дерегі бойынша сараптамалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Қызыл жалынның кесірінен тағы бірнеше үй жанып кеткен.

Бұл аса ауыр қылмыс өткен сенбіге қараған түні Жетісу ауданындағы Мамин Сибиряк көшесінің бойында орналасқан үйлердің бірінде болған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер үйден екі адамның мәйітін алып шығады. Олар егде жастағы ерлі-зайыптылар, сол үйдің тұрғындары екен. Бойларында бірнеше пышақ жарақаттары айқындалған. Содан-ақ үйге қолдан от қойылғаны белгілі болады.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
-Із кесу шараларын жүргізу барысында бір тәуліктің ішінде сезіктінің аты-жөні анықталып, ол ұсталған болатын. Сол жәбірленушілердің қызының танысы болып шықты. Араларында кикілжің, жанжал орын алған. Қайтадан осы үйге оралып, қылмысқа бел буған. Қазіргі таңда ол қамауға алынды.

Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Әйел мен еркектің арасындағы дау көршілерге де кесапатын тигізіп отыр.

Екі адамның арасындағы жанжалдың кесірінен мына жердегі жапсарлас салынған төрт үй бірдей жанып кеткен. Күдікті от қойғаннан кейін қысыммен газ жарылып, үйдің шатыры ортасына түскен. Сау-тамтығы жоқ. Осы үйде тұрған ерлі-зайыпты екі қария көз жұмды. Абырой болғанда, көрші үйдегілер дер кезінде оянып, сыртқа шығып үлгерген.

Көрші үйдің шатырын жауып, сол жерде түнеп жүрген Евгений: «Түнде қатты жарылыстан ояндым»,— дейді. Алғашында көк түтіннен ештеңені айыра алмаған ол, дереу төменге түседі. Артынша өрт болғанын түсініп, жанұшыра көмекке ұмтылады.

Евгений Круглов, қала тұрғыны:
-Мына қабырға газ жарылған соң аулаға құлаған. Мына жер көрші ата мен апаның ас үйі болса керек. Тыңдасам баланың жылағаны естіледі. Олардың аутизммен ауыратын немересі барын білетінмін. Бірден ішке кірдім де баланы алып шықтым. Баланың қасында атаның денесі жатты.

«70-75 жас шамасындағы ерлі-зайыпты қариялар өте жақсы адамдар еді», — дейді көршілері. Қылмысты жасыру үшін жасалған өрттен үйсіз қалған олар қайда барарын білмей дал. Әйтеуір аман қалғандарына шүкір дейді.

Эмраджан Хасанов, зардап шегуші:
-Жақында ғана шатырымызды ауыстырып бастағанбыз. Ақша жинап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр едік. Қасақана жасалған өрт болғандықтан, өтемақыны тек күдіктіден ғана талап ете алады екенбіз. Ал ол бұрын сотты болған адам, мүлкі жоқ.

«Баспанасыз қалған тұрғындар қала әкімдігінен көмек сұраудан басқа шарамыз жоқ»,— деп отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов