Хабар телеарнасы

Қ. Сатыбалдыұлы мемлекетке ₸732,8 млрд қайтарды

Қайрат Сатыбалдыұлының құны 732,8 млрд теңге болатын заңсыз иеленген мүліктік активтері мен қаржылай қаражаты мемлекет меншігіне қайтарылды. Ол - әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, жер үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлесі. Тіпті Қайрат Сатыбалдының Австрия, Лихтенштейн, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия сияқты елдерге жасырған қаражаты да мемлекет қазынасын толтырды.

Мәселен, құны 158 млрд теңгеден асатын ел аумағында орналасқан 115 нысан мемлекеттік меншікке берілді, оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік, 37 жылжымалы мүлік бар.

Жылдар бойы жалға беріліп, жеке меншік иесіне миллиардтаған табыс әкелген бұл активтер енді мемлекетке қызмет етеді. Мысалы, бұрын Қайрат Сатыбалдының резиденциясы болған Ақмола облысы Барап ауылындағы жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр, жер учаскесі 135 гектар нысан Астана қаласының Білім басқармасына берілді.