Хабар телеарнасы

Биыл адам саудасы бойынша 197 дерек тіркелген

Елімізде адам саудасы өршіп тұр. Тек биылдың өзінде 197 дерек тіркелген. Құлдықта ұстау, адам ағзасын саудалау, сәби сату, жеңгетайлық қылмыс бәрі бар. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Бүгін Астанада сала мамандары бас қосып, оның алдын алу бойынша жұмыстарды пысықтады. Жиынға халықаралық ұйым өкілдері мен сарапшалар да қатысты. 

Адам саудасы. Кез келген жан оның құрбаны болуы мүмкін. Сарапшылар бүгінгі ахуалға осылай деп баға беруде. Соңғы уақытта оған қарсы күресті күшейту мәселесі жиі көтерілуде. Ол бекер емес. Былтыр адам саудасына қатысты 150 дерек анықталған. Ал биыл тоғыз айда 197 жағдай тіркеліпті. Оның ішінде адам саудасы 17 іс, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту 15 факты. Кәмелетке толмағандарды сатудың 6, адамдарды заңсыз бас бостандығынан айырудың 4, жеңгетайлық бойынша 119 іс.

Шынар Көшербаева, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары:

- Адам саудасының түрі көп. Ол іс жүзінде жыныстық және еңбекке жегумен шектелмейді. Адам ағзасын сату, адамды қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу де адам саудасы болып есептеледі. Осындай қылмыстарды жасағаны үшін биыл 70 адам сотталды. Қалған істер бойынша тергеу әлі жалғасуда.

Биыл елімізде «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң қабылданды. Құжатта кінәлі деп танылған тұлғалар үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жазаны күшейту ғана емес, жәбір көргендерді қолдау мәселесі де сол жерде қамтылған. Нақтырақ айтсақ, адам саудасының құрбандарына көмектесетін арнайы орталықтар ашу, оларды оңалту, заңдық көмек пен жаңа кәсіпке үйретуде бар.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Адам сатып алу құрбандарының статусы болған жоқ. 30 жыл ешкім заң қабылдамаған. Греция, Испания біз сол тәжірибені алғанбыз ғой. Халықарлық ұйымдар БҰҰ бәрін зерттеп барлық ережесін кіргіздік.

Әлия Белоносова, Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы үйлестірушісі:

- Адам саудасы қазір әлем бойынша үлкен мәселеге айналып отыр. Өйткені қазір көші-қон процесі барған сайын артуда. Содан жәбірленушілер де көп. Біз өз тәжірибемізде Түркия басқа да шетелден адам саудасының құрбаны болған қазақстандықтарды алып келдік. 15 жыл ішінде Қазақстан ішінде адам саудасының құрбаны болған мыңға жуық адамға көмектестік.

Сарапшылардың болжамынша, әлем бойынша адам саудасы құрбандарының саны 40 млн асады. Нақты санын ешкім білмейді. Белгілісі оның құрбаны болатындарыдың 70% балалар мен әйелдер.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мейірбек Бесбаев