«AMANAT» депутаттары есірткі қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды ұсынды
«AMANAT» партиясының депутаттары есірткі бизнесіне қатысы бар құқыққорғаушыларды өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды. Фракция отырысында есірткімен ұсталғандарға жазаны қатаңдату мәселесі көтерілді. Бүгінде заңнамаға түзетулер әзірленіп, ол бірінші оқылымда қабылданды. Атап айтқанда, есірткі өндірушілер мен «наркобарондардың» жазасын қатаңдату ұсынылады. Бұл ретте ірі есірткі қылмыскерлері мен ұсақ жасырушыларға бірдей көзқарас танытуға жол берілмейді. Бүгінде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан астам адамның 1 мың 300-ге жуығы таратушылар санатында.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Президентіміз ірі наркобарондар мен закладчиктерге бірдей жаза қолдану әділетті емес екеніне назар аударған болатын. Шынтуайтында, оларды осы заңсыз іске тартқан есірткі өндірушілер мен закладчик-жеткізушілердің жазасы пара-пар емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, олардың әрқайсысын бөлек қарап, жазаларының деңгейін заң жобасының екінші оқылымына дейін қарастыруымыз керек.