Жетісу облысында 341 адам алаяқтардың арбауына түскен
Биыл Жетісу облысындағы 341 адам алаяқтардың арбауына түсіп, 500 млн теңгеден астам қаржысынан қағылған. Полицейлер тіркелген істің 54-ін ашып, сотқа жолдады. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, қылмыскерлерді табу оңай емес, себебі қаржы онлайн аударылады. Аңғал адамдарды сан соқтыру үшін қылмыскерлер сан-түрлі тәсілді қолданады. Оның ішінде интернет дүкен арқылы сауда жасауға шақырып, қаржы ұйымының қызметкері ретінде де хабарласады. Тіпті шетелде отырып жымысқы әрекетін жүргізетіндер бар. Таяуда өзге ел азаматтарының алаяқтық әрекетін Қазақстанда жүзеге асырған қылмыстық топ ұсталды.