Хабар телеарнасы

Есірткі қылмысымен 49 жасөспірім ұсталды — ІІМ

Ел арасында «закладчик» деп аталатындардың қатарында балалар көбейіп кетті. «Есірткі көмемін», - деп ұсталғандардың арасында тіпті 13-15 жастағы жасөспірімдер бар.

Бұл туралы Сенатта айтылды. Бәріне есірткі бизнесін ұйымдастырушылар кінәлі. Сондықтан оларға қатысты жаза күшейтілмек. Ол - өмір бойына бостандығынан айыру. Бүгін депутаттар қылмыстық кодекске енгізілген жаңа толықтыруларды мақұлдады.

Жалпы қазір Қазақстанда есірткіге қатысты ахуал күрделеніп барады. Есірткіге тәуелділік бойынша 18 мың адам есепте тұр. Биыл 60 есірткі зертханасы жойылып, есірткі айналымына қатысты 7 мыңнан астам қылмыс тіркелген.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер вице-министрі:

- Қазіргі таңда есірткі қылмысын жасағаны үшін 49 жасөспірім ұсталды. Бүгінде 9-ы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде отыр. Олар сотталғанға дейін есепте болмаған. Ал қылмысты ақша табу мақсатында жасапты. Алматыда мұндай жасөспірімдерге арналған жалғыз колония бар. Түрмеге түскен күннен бастап олармен профилактикалық шаралар жүргіземіз. Оның ішінде дәрістер, түсіндірме жұмыстары бар.

Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран және Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісімдерін ратификациялады. Құжат импорттық тауарларға өзара кедендік баж салығын алып тастап, тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

2023 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд АҚШ доллар болыпты. Бізден экспортталған негізгі өнімі – мұнай. Ал ипорттық өнімдер қатарында ұшатын құрылғылар, медициналық техника, электроника және дәрі-дәрмек бар. Иран нарығына ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік тауарлар шығарылады. Мәселен, биылғы астықтың 700 мың тоннасын экспорттау жоспарланып отыр. Екі елдің арасындағы алыс-беріс көлемі былтыр 300 миллион доллардан асқан.

Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстаннан Иранға арпа, бидай, өсімдік майларын өндіруден алынған қалдықтар, басқа да тауарлар экспортталады. Олардың құны – 83 млн доллар. Ираннан Қазақстанға керамикалық тақтайшалар, құрма, інжір, ананас, авокадо тасымалданады. Бүгінгі келісім осы өнімдердің көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етеді.