Қазақстандықтарды алдаған алаяқ елге жеткізілді
Қазақстандықтарды алдаған алаяқ елге жеткізілді. Еліміздің Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Өзбекстан азаматшасын ұстады. Күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс компанияларының бірінде бухгалтер болып жұмыс істеп, үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдап отырған. Ол тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс нысаны бойынша кіріс кассалық ордерлеріне бухгалтерлік есепте көрсетілмеген жалған түбіртектер жазған. Нәтижесінде Алматы қаласының 80-нен астам тұрғынына 3 млрд 700 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Әсел Берқалиева, ҚР Бас прокуратурасының өкілі:
- Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.