Алматыда тұратын ардагерлерге ерекше ұялы телефондар сыйға тартылды
Бүгін оларға ерекше дабыл түймесі бар ұялы телефондар сыйға тартылды. Мұндай құрылғылар еліміздің барлық облыстарындағы ардагерлерге берілді.
Енді 5 мыңға жуық ардагерге қажетті жедел көмек көрсетіледі. Дабыл түймесі басылса, ұялы құрылғы бірден кол-орталықпен байланысады. Ол жерде «Жеңіс» жобасын ұйымдастырушылардың күшімен әр ардагердің жасы мен дерті, жақын туысқандары туралы нақты мәлімет сақталған. Сонымен қатар ұялы байланыс операторлары ардагерлердің туған-туыстары және достарымен әңгімеге кететін шығынды өздері төлейді.
Шара «Өмір жолы» деп аталады. Бұл республикалық «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Бұдан өзге zhenys.kz сайты ашылды. Онда әрбір қазақстандық ардагерлерге өз көмегін көрсете алады. Қаражат аударып, ақшаның қайда жұмсалғанын біліп отыруға болады.
Руслан Жемков, «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасының жетекшісі
-Ардагерлермен кездесу кезінде олардың неге мұқтаж екендерін сұрап білеміз. Өйткені көмек дегеніңіз тек ақша, дәрімен шектелмейді. Сондықтан қажетті заттардың тізімін жасаудамыз. Кез келген азамат көмек көрсете алу үшін ардагерлердің рұқсатымен осы мәліметтерді сайтқа саламыз.
Ізгілік Нұрмағамбетұлы, ҰОС ардагері
-Мына отан соғысының 70 жылдығына орай бізге көрсетіп жатқан қызметтеріңізге рахмет айтамын. Мен бұдан 76 жыл бұрын қазақтың ұлы ақыны Жамбылмен кездесіп, одан бата алғанмын. Ой монтиып тұрған қазағымның баласы-ай, бақытты бол деп еді. Мінекей менің осы тірі жүргенім, Жамбылдан бата алғаным. Біздің халқымыздың жақсы сөзі бар, «Жауынменен жер көгереді, батаменен ер көгереді», - дейді. Болашақ жастар үлкендерден бата алып жүрсе, олар да көгеретіні сөзсіз.