Павлодардағы Ұлттық гвардия сарбаздары ардагерлерге құрмет көрсетуде
Бүгін Павлодардағы Ұлттық гвардияның сарбаздары өңірдегі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті. Жас сарбаздар майдангерлердің үйлеріне арнайы барып, оларды алда келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Қазиз Әміренов майдан даласына 17 жасында Павлодар облысы, Қашыр ауданынан аттанған. Майдангер артиллерия құрамына алынып, ең алғаш поляк жерінде ұрысқа қатысыпты. Қазиз Әміренов ерлігімен танылып, бірнеше марапатқа ие болған. Ақсақал бүгінгі күнге жеткеніне шүкіршілік етеді.
Қазиз Әміренов, ҰОС ардагері
-Елбасына рахмет. Мінекей бәрін беріп жатыр. Одан артық не керек. Осындай халге жетем деп ойлаған жоқпын.
Ардагердің зайыбы Дәмеш Әміреновамен отасқанына биыл 65 жыл толыпты. Қазіргі күні 6 баладан 13 немере, 7 шөбере көріп отыр.
Бүгінде 89-ға келсе де Қазиз қария әлі де тың. 5 рет Мәскеу Қызыл алаңында парадқа қатысқан ақсақал биыл 9 мамыр күні Астанадағы Жеңіс шеруіне арнайы шақырылыпты.
Қазиз Әміренов, ҰОС ардагері
-Қазақстанды қазір білмейтін мемлекет жоқ. Қазір Қазақстан алға баса береді. Сендер аман болыңдар. Отан тыныш болып, отбасын құрып үкіметімізге, Қазақстанымызға өзіміздің, жақсы адал қызмет еңбек сіңіріңіздер.
Ал Нина Ахмедзянова болса, Беларусь жеріндегі ұрысқа небәрі 16 жасында қатысыпты. Ардагер ана сұрапыл соғыста неміс әскеріне қарсы барлау жұмыстарын жүргізіп, жаудың айласын біліп отырған. Сол үшін Нина Ахмедзянова «партизан» атанып, жасаған талай ерлігін еске алады.
Нина Ахмедзянова, ҰОС ардагері
-Бірде немістерді уланған жұмыртқамен тамақтандырған кезім болды. Ал «Той» деген операцияны орындаған кезде келіннің рөлін сомдап, немістерді қонаққа шақырдым. Отырыс әбден қызған кезде көліктердің астына магнитті мина қойып, жарып жібердік. Бүгінгі жастарға айтар кеңесім қиыншылықтардан қорықпай әрдайым өжет, батыл болуға тырысыңдар.
Ербол Отарбаев, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері
-Біз бүгін Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мейрамымен құттықтай келе, сол кісілердің істеген ерліктерін біз ешқашанда ұмытпаймыз. Әрдайым жыл сайын осы кісілерді мейрамдарымен құттықтап келіп тұрамыз.
Ұлттық гвардияның сарбаздары осылайша Павлодар қаласында тұрып жатқан барша ардагерлердің үйіне барып, оларға құрмет көрсететін болады. Шара Жеңіс күніне дейін жалғасады.
Авторлары: Ерхан Тәткен, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий