«Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет» акциясы басталды
Ізгі шараның шымылдығы Елордадағы Ұлттық мұражайда ашылды. Салтанатты жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекеттік орган қызметкерлері, Парламент депутаттары және «Жас Ұлан» әскери мектебінің курсанттары қатысты.
«Хабар» Агенттігі құрамындағы телеарналардың жүргізушілері шараға келген Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ыстық ілтипатпен құшақ жая қарсы алды. Қан майдан даласында елдің ертеңі үшін, ұрпағының жарқын келешегі үшін күрескен Ұлы Жеңіс сарбаздарына қалай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Себебі майдангерлер оған сөзсіз лайық. Салтанатты шара басында «Хабар» агенттігінің алтын қорынан Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының дауысы жазылған бейне ұсынылды.
Айта кету керек, сұрапыл зұлмат жылдарды бастан өткеріп, бейбіт өмір сыйлаған батырлардың ерлігіне тағзым ету мақсатымен «Хабар» ұжымы арнайы қор құрды. Қайырымдылыққа бастайтын бұл шараға 4 телеарнаны топтастырып отырған агенттіктің қызметкерлері тұтас атсалысты.
Айдос Үкібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы
- Біздің «Хабар» агенттігі ұжымының барлық қызметкері қолдап, өздерінің бір күндік айлықтарын осы акцияға арнады, аударды. Қор құрылды. Сол қордан енді осы республикалық акцияны бастадық. Бір ай бойы жүреді. Аймақтағы барлық ардагерлердің әрқайсысына жетеміз деп ойлаймыз.
Қадан Бекенов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-«Хабар» арнасының ұжымдары келе жатқан Жеңіс күнінің қарсаңында бізді шақырып, құрметтеп бірінші болып Қазақстанда акция ұйымдастырғандарыңызға көптен-көп рахметімді білдіремін.
Жәния Берниязова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Жақсылық болсын сендерге. Аспандарың ашық болсын. Жерлерің тың болсын. Қазақстанның аты шыққаны – бізге үлкен мереке. Осыны ұйымдастырған кісілерге рахмет айтамын.
Теледидар мен түрлі тұрмыстық техника, тіпті сазды аспап баян және ұлттық костюмдер тарту етіледі. Сондай-ақ бүгін ардагерлер назарына ұсынылған концерттік бағдарлама шеңберінде Ұлы Жеңіске арналған әндер шырқалды.
Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан РГ» АҚ президенті
- «Хабардың» бүкіл ел көлемінде осы акцияны әр түрлі қырынан өткізіп жатқанын көріп ерекше сүйсіндім. Ардагерлерге тұрмыстық мұқтаждарынан бастап, өздерінің соғыс жылдарындағы ерекше сағынышқа байланысты заттарына дейін алып беріп, ерекше қуантып жатқандарын көріп риза болып отырмыз.
«Жеңіске құрмет» акциясы барысында «Хабар» агенттігі соғыс жылдарындағы суреттер мен құнды құжаттарды жинақтап,Ұлттық мұражай қорына тапсырмақ. Алғаш болып қызылордалық отбасы бастамаға үн қосты. Отбасылық мұрағатта сақталған, 70 жыл бұрын қан майданнан жолданған хат мұражай қорына қосылды.
Айта кетейік, Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлттық мұражайда «Батырларға құрмет» атты көрме өтетіні жоспарланған. Онда соғыс жылдарындағы аудио, бейнежазбалар мен фотоматериалдар қойылмақ.
Көрме 4 мамырда ашылады.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Батырбек Ғаділбек, Жәнібек Дәулетбек