«Хабар» агенттігі «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында ардагер шаңырағында болды
Бүгінде 90 жасты алқымдаған қарт жауынгерге «Хабар» агенттігі «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында құрмет көрсетті.
«Хабар» агенттігі ұжымының ыстық ілтипаты мен сый-сияпатын жеткізген бізді Иван Похомовичтің шаңырағында қонақжайлық кең пейілмен қарсы алды. Тоқсан жасқа аяқ басса да қарт жауынгердің есінде соғыс өртінің қалай тұтанғанды сол күйінде сақталыпты.
Иван Грищенко, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Сол күні ауыл тұрғындарының бәрі жиналды. Ер-азаматтар суыт хабарды жеткізгенде нәзік жандылар көздеріне еріксіз жас алды. Бәрі есімде халықтан маза қашты.
Көпбалалы отбасында өмірге келіп, тірлікке ерте араласқан ол 1944 жылы әскер қатарына алынады. Челябіде 3 айлық оқу-жаттығудан өтеді. Бозбала шағы қиыр шығыстағы жапон соғысына тап келген ол қатардағы жауынгерден взвод командирінің көмекшісіне дейін көтеріледі. Артиллериядан оқ жаудырған батыр Кеңес әскерінің Жеңіс ұранын майдан даласында естиді. Аман-сау елге оралады. Жоғары оқу орнына түсіп, партия жұмысына араласады. Еңбек ете жүріп, жары Любовь Грищенконы жолықтырады. Биыл олардың отасқанына 60 жыл.
Иван Грищенко, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Нағыз қорқыныштың көкесі соғыста дер едім. Ұшақтан төбеңнен төмпештеп бомба тастайды. Қарасаң, тура саған келе жатқандай. Жойқын жарылыс сенен 200 метр жерде болса да, жаныңды шүберекке түйесің.
Иван Похомович секілді қариялар сұрапыл жылдарды әнмен еске алады. Уақыт ұзаса да жауынгер достарға деген сағыныш сақтала бермек.
Немереден шөбере сүйген қарт Жеңістің 70 жылдығын көрсеткен күнге шүкір дейді. Майдан даласынан қалған жарақат жанға батса да әр мереке сайын көңілін аулап, қол қысып құттықтап келер туған-туыстың жылы сөзі – ардагерге үлкен демеу. Жеңіске деген құрметтің бір түрі осы болар.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Жасұлан Шакенов