«Хабар» агенттігі ҰОС ардагері Тоқан Әлімбаевтың шаңырағында болып, тартуын табыс етті
Шығысқазақстандық ардагер Тоқан Әлімбаевқа «Хабар» агенттігі атынан арнайы сыйлық жеткізілді. 17 жасынан өз еркімен майданға аттанған қарт жауынгер бүгінде 90 жаста. Сұрапыл жылдары атқыштар дивизиясында мерген болған майдангер Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көрсетілген құрметті ерекше толғаныспен қабыл алды.
Тоқан ата мен Айман апа бүгіннен бастап жаңа теледидардан сүйікті арналарын тамашалайтын болады. «Хабар» агенттігінің жасаған сыйлығына қариялар балаша қуанып жүр.
Тоқан Әлімбаев – облыс орталығынан 60 шақырымдай алыс жатқан Пролетар ауылындағы жалғыз ардагер. Сұрапыл жылдары талай нәубетті басынан өткерген қарт майдангер, бүгінгі бейбіт заманды бағалап, еңбектенген жөн-дейді.
Тоқан Әлімбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Соғыс уақытында ауыр тұрмысты аз көрмедік. Біз соғыста болсақ мұндағылар аштықтан қиындық көрді. Қазір тұрмыс жаман емес. Азық жағы жеткілікті, тек жұмыс болса, болғаны.
Тоқан Әлімбаев 1942 жылы майданға өз еркімен аттанған. Ұрыстың басынан-аяғына дейін Белоруссияда жаумен шайқасты. Польшаны азат етуге де қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін Берлинде 5 жыл әскери борышын өтеген. Елге аман-есен оралған соң, бригадирдің көмекшісі болып еңбек еткен.
Бүгінде 10 баладан 13 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. Түтіні түзу ұшқан қазақтың қара шаңырағында үнемі қонақ үзілмейді.
Айман Әлімбаева, ардагердің зайыбы
- Мына балалар болысады. Суымызды әкеп береді. Көмір әкеп береді. Ағаш жарып береді. Одан артық бізге не керек?
Жасы 90-ға келсе де, қарт майдангер әлі де тың. Қолы қалт етсе, немере-шөберелерін жинап, еңбекке баулиды.
Карина Әлімбаева, ардагердің шөбересі
- Мен атаммен мақтанамын. Ол бізге бәрін үйретеді. Бақшада бірге жұмыс жасаймыз. Жеміс отырғызамыз. Соғыс жылдарын айтып береді. Ол бізге тарих.
Тоқан ата мен Айман апаның биыл бас қосқанына – 50 жыл. Өзара сыйластық пен мейірімділіктің ұясына арналған шаңырақ Жеңістің 70 жылдығымен қоса Алтын тойларын қарсы алуға қамданып жатыр.
Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Аслан Төлепов