Жақия Мұсатаев: Өскелең ұрпақ бүгінгі бейбіт күнді бағаласа...
Қазір бұл облыста 465 ардагер қалған. Солардың бірі - Жақия Мұсатаев. Өрімдей кезінде қолына қару алған ол майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше орден мен медальдарды кеудесіне таққан. «Сұрапыл жылдардың қасіретін келер ұрпақ көрмесе екен, Тәуелсіздігіміз баянды болсын», - деп тілейді ардагер.
Жақия Мұсатаев ақсақал Екінші дүниежүзілік соғыста зеңбірекшілер батальонында болыпты. Ресей, Украина жерлерін азат етуге қатысқан. Волоколамск тас жолындағы басқыншылардың ойраны шыққан оқиғаға да куә болған. Тіпті кескілескен шайқаста асау Днепр өзенінен зілбатпан зеңбірек тиелген резеңке қайықпен жүзіп өтуден де тайынбаған. Осы жолы аяғынан ауыр жарақат алып, 1944 жылы туған жері Қарқаралыға оралған. Бірақ қол қусырып қарап жатқан жоқ, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласып, зейнетке шықты. Ақсақал «Жас ұрпақ азаттықтың қадірін тереңнен түйсінсе екен» деп тілейді.
Жақия Мұсатаев, ҰОС ардагері: «Тәуелсіздік күні енді өз шаңырағымыз ғой. Кешегі біздің қолымыз жете алмаған шаңырақ. Енді мынау жастар соған ие болу керек. Әскер - мемлекеттің жүрегі. Бізді былай тәрбиеледі: «Отқа салып ойнат, қазанға салып қайнат» деді. Одан біз жаман болғанымыз жоқ».
Қазір Қарқаралы ауданында барлығы 4500-ден астам ардагер болса, соның тек 10-ы ғана Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Бүгінде жасы 90-нан асып кеткен қарияларға әрдайым әлеуметтік және рухани қолдау көрсетіліп отырады, - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жақында ғана Жақия ақсақалдың үйіне су тартып берген. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа қария да дән риза.
Жақия ақсақал қазір қолына қалам алып, соғыс жылдарындағы естеліктерін, ел аузынан жинаған аңыз-әңгімелерді, ғибратты сөздерін қағаз бетіне түсіруде. Келер буынға сабақ болсын деген ниетпен. Ең бастысы, өскелең ұрпақ бүгінгі бейбіт күнді бағалап, Тәуелсіз елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенсе, - дейді абыз қария.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков