Қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлестері туралы тың мәліметтер белгілі болды
Бұл соғыс қайғы әкелмеген бірде-бір отбасы жоқ шығар. Жеңіс күні біз тарихи мәліметтерді ақтарып, сол зұлмат заманнан қалған кейбір деректерді жіпке тіздік.
Менің әкем де соғысып, Берлинге дейін барған жауынгер. Ел аузында «Катюша» деген атпен қалған атақты реактивті артиллерияның көздеушісі болған.
Ал Рахман Иманқұлов – Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына аттанған 1 млн 300 мыңнан асатын сарбаздың бірі. Майданға кеткен жауынгерлердің жартысына жуығы туған жеріне қайтып оралмады. Артында қалғандарына ерлікпен қаза тапқаны туралы «қара қағаз» ғана келген. Қан майданның ортасында болып, бертінде елдің еңсесін көтеру үшін бар жанын салып еңбек еткен біздің ата-апаларымыз уақыт өте азайып бара жатыр.
Соңғы мәлімет бойынша, біздің қатарымызда Ұлы Отан соғысының 2776 ардагері жүр. Соғыстағылар қару-жарақ пен азық-түлік, жылы киімнен тарықпауы үшін күн демей, түн демей еңбек еткен 157 679 тыл ардагері бар. Сол кезде жасөспірім болған 487 қазақстандық концлагерь, гетто мен арнайы абақтылардың азабы енді қайталанбауы үшін бүгінгі ұрпаққа айтып бере алады. Арамызда 7806 Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі жүр. Адалдықтың үлгісін сол апаларымыздан үйрену керек-ақ.
Ұлы дала елінің ұландары Отанын қорғауды ең қасиетті борышы санаған, ол бүгін де солай. 1941-45 жылдар аралығында Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты дивизия, 7 атқыштар бригадасы, соның ішінде 2 ұлттық бригада жасақталып, майданға жіберілді. Одан басқа 50 полк пен түрлі батальонның басы біріктіріліп, бірден ұрыс даласына аттанған. Естеріңізде болар, соғыста атылған он оқтың жетеуінің қорғасыны Қазақстанда балқытылған.
Бізден майданға аттанған 500 сарбаз Кеңес Одағының батыры атанды. Әрине, Отанын жаудан арылтамын деген ниетпен жасаған ерекше ерлігі үшін. Соның 99-ының ұлты – қазақ. 120 жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері. Ол – батырлармен теңестірілген дәреже. Ал Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов пен Сергей Луганскийлер – екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған сарбаздар.
Кезінде ерлігі үшін батыр болуға лайық деп жоғары жаққа ұсынылған, бірақ түрлі жағдайлармен сол атақ берілмей қалған Ұлы Отан соғысының сарбаздарын еліміз тәуелсіздік алған соң ескергенін де айтуымыз керек. Бауыржан Момышұлына 1990 жылы, Жеңіс күні 55-рет тойланып жатқанда Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бақтыораз Бейсекбаев, ұшқыш Хиуаз Доспанова мен Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтарға егемен елдің «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Жалпы Ұлы Отан соғысына қатысқан 10 сарбаз тәуелсіз еліміздің батыры ретінде марапатталды. Олардың ерлігі бүгінгі ұрпақты өз Отанын сүюге, Ұлы дала елінің шебін қасық қаны қалғанша қорғауға ынталандыратын бағдар деп білемін.
Авторы: Әбдез Рахманұлы