Василий Кузнецов: Жігіттердің барлығы да Отан үшін жан қиюға дайын еді
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Елбасынан құттықтау хат алғаныма шын жүректен қуаныштымын», - дейді қария.
Жақында торқалы 90 жасын тойлағалы отырған соғыс ардагері Василий Кузнецов әлі де тың, қайраты қайтпаған қария. Күнделікті бір мезгіл жаяу жүргенді ұнатады. Қазір Қарағанды ардагерлері жайында кітап жазып жатыр. Ел басына күн туған шақта, ол да соғысқа аттанған. Өрімдей шағында қолына қару алып, қан майданнан бір-ақ шығады. Польшаны азат ету шайқасында басынан ауыр жарақат алып, елге оралған.
Василий Кузнецов, ҰОС ардагері
-Ол кезде біз ештеңе ойламадық. Жігіттердің барлығы да Отан үшін жан қиюға дайын еді. Көпшілігі майдан даласында шейіт болды. Енді ондай сұмдық ешқашан қайталанбаса екен деп тілеймін.
Василий Кузнецов Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі. Осынау күрделі сала жайында үш бірдей кітап жазған. Ақсақал бар білгенін жастарға үйретуден жалыққан емес, қазір қаладағы мекеменің бірінде кеңесші болып еңбек етеді. Қария Мемлекет басшысымен сонау 60-шы жылдары Теміртауда танысқанын айтады.
Василий Кузнецов, ҰОС ардагері
-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты білемін. Ол кезде ол металлургиялық комбинатта еңбек ететін еді. Қаңылтыр шығаратын цехты іске қосқанбыз.
Ардагер: «Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Елбасынан құтықтау хат алу - үлкен қуаныш», - дейді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков