Бисен Жұмағалиев зұлмат соғыс жылдарында майдан газетінде қызмет еткен
Ұлт көшбасшысы жолдаған хатты ауруханада емделіп жатқан Ақжайықтың аузы дуалы ақсақалы Бисен Жұмағалиев ағамыз да алды. Бейсен аға - зұлмат соғыс жылдарында майдан газетінде қызмет еткен қарт журналистердің бірі. Қария: «Бұл өзі мен күтпеген жақсы жаңалық болды ғой», - деп қуанып жатыр.
Оралдық қарт майдангер Бисен Жұмағалиев жақында 92 жасқа толады. 90-ында шапқылап жүрген қария осыдан бірнеше күн бұрын денсаулығын түзету үшін ауруханаға жатыпты. Облыстық кардиологиялық орталықта емделіп жатқан қария Президенттің құттықтау хатын алып, бір марқайып қалды.
Бисен Жұмағалиев соғысқа 1942 жылы аттанды. Ленинград майданында шайқасқан ол айтулы мергендердің бірі бола жүріп, майдан газетіне жауынгерлерді ерлікке бастайтын мақалаларын жариялап тұрды. Соғыс аяқталғаннан кейін де өзінің сүйікті ісіне өте адал болды. Облыстық газеттті басқарып, қоғамдық өмірге белсенді араласты. Еліміз бен алыс және жақын шетелдерде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. Газеттен оқып, телеарналардан көріп отырады.
Бисен Жұмағалиев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Айналайын, рахмет! Жаңа жыл үлкен жақсылық әкелсін! Мен адам баласы бір-бірімен тек қана жақсылық арқылы ел болып отыратынын айтып отырамын. Елбасымыз аман болсын!
Әрбір адамның өмірінде естен кетпейтін, жадында мәңгі жадырап тұратын сәттері болады. Бисен ақсақал үшін ол Михаил Шолохов және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен сәттері екен. Арқа төсіндегі Астанадан, Есіл жағасында орналасқан Ақорданың өзінен Жайыққа жеткен жаңалық қарт майдангердің көңілін көктем қылды. Ақсақалдың тезірек оңалып, Жеңістің 70 жылдығын дархан көңілді, дала пейілді халқымен бірге қарсы алуын тілейміз.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Болат Жарылғасов