Астана қаласында қазір 229 ардагер бар
Бүгін астаналық ардагерлер ҚР Президентінің атынан атаулы құттықтау және сыйлықтар жиынтығын алды. Бұл акция ардагерлерге қолдау 9 мамырда ғана емес, Мемлекет басшысы тарапынан көрсетілетін ұдайы қамқорлық пен ілтипаттың көрінісі екенін дәлелдейді.
Тезекпай Әбдірахманов ақсақал биыл 92 жастың төріне шығып отыр. Қанды соғысқа 19 жасында кіріп, бүкіл ғұмырын әскери салаға арнаған абзал ата: «Ардагерлерге жасап отырған мемлекет қамқорлығы орасан», - дейді.
Тезекпай Әбдірахманов, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Ветерандардың жағдайын бәрін білемін. Бұрынғы Кеңестер одағындағы, Қырғызстан, Тәжікстанда, Өзбекстанда. Барлығына қарағанда забота Қазақстанда ветерандарға күн сайын, жыл сайын, соған мақтанамын.
Қала әкімі қос майдангер Владимир Кальсин мен Раиса Сафоничеваның отбасына да келді. Оларға Елбасының тілегін жеткізіп, сый-сияпаттар жасады.
Владимир Кальсин, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Бізге назар аударып, қамқорлық жасап жатқаны үшін Мемлекет басшысына және қала әкіміне үлкен рахмет. Біз де қолдан келгенше жастарға патриоттық тәрбие беруге атсалысып келеміз.
Астана қаласында қазір 229 ардагер бар. Олардың әрқайсысы да осындай сый-құрметке бөленді.
Авторлары: Нұрбек Әмиша, Аманжол Байғазин