Хабар телеарнасы

Николай Пастухов: Соғыс енді қайталанбаса екен, бейбітшілігіміз баянды болғай

Пастуховтар жанұясындағы қос ардагер де небәрі 17 жасында соғысқа аттанған. Майдан даласындағы кескілескен ұрыста екеуі де өлім аузынан қалыпты. Қанды жылдарды қорқынышпен еске алады. «Бұндай соғыс енді қайталанбаса екен, бейбітшілігіміз баянды болғай», - деп тілейді қариялар. 

Николай Пастухов, Ұлы Отан соғысы ардагері

- Кезекті бір шайқаста шабуыл жасадық. Жүгіріп келе жатып тоқтай қалдым да, бұрылдым. Сол мезетте жау оғы тура көзімнің тұсынан жанап өтті. Егер тоқтамай, әрі қарай жүгіре бергенде оқ тура басымнан тиер еді. Көрер жарығым бар екен.

Татьяна Пастухова, Ұлы Отан соғысы ардагері

- Майдан даласындағы кезекті бір ұрыста жау ұшағы дәл төбемнен ұшып өтті. Старшина «жат, жат» деп айқайлап жатыр. Мен тоқтамай жүгіріп келемін. Абырой болғанда, тастаған снаряды жарылмай қалды. Сөйтіп, аман қалғаным бар.

Соғыс аяқталып, елге оралған соң, олар бір-бірін кездестіреді. Кейін шаңырақ көтереді. Қазір қос ардагер екі баладан тараған 2 немере мен 4 шөберені бағып-қағып отырған жайы бар. Қос мереке қарсаңында Елбасынан құттықтау хат алғандарына ардагерлер дән риза. 

Николай Пастухов, Ұлы Отан соғысы ардагері 

- Елбасының еңбегін бағалауымыз керек. Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап отыр. Жыл сайын халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Еліміз көркейіп келеді. Одан артық не керек.

Қос ардагердің соғыста алған орден, медальдарынан көз сүрінеді. Николай Пастухов соғыстан кейінгі жылдары да қорғаныс саласында танбай еңбек еткен. Ал кейін зейнетке шыққанша мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. «Менің 14 шәкіртім полковник шенін алды», - деп марқаяды қария. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие бергені үшін оған «Қарағандының құрметті азаматы» атағы берілген. Жұбайы Татьяна Пастухова да ұзақ жыл балабақшада тәрбиеші болыпты. Келер жылы жұптастық өмірлеріне 70 жыл толғанын, әрі Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлағалы отырған ардагерлер Президент тарапынан көрсетілген құрметке, ықыласқа ризашылықтарын жеткізді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков