Нина Сорокина: Мемлекетімізге дені сау, салауатты ұрпақ қажет
Сұм соғыс куәгері Сталинград қаласына жақындаған тұста фашист ұшақтарының бомбылауынан аман қалғанын тебірене еске алды. Әскери дәрігер майдан даласындағы өлшеусіз еңбегі үшін Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі медалімен марапатталған. Бұл жолы Нина Сорокина Елбасының жаңажылдық құттықтау хаты мен сыйлықтарын қуанышпен қабыл алды.
Кейуана биыл өмірінің 96-шы белесін еңсерді. Десе де, ойы ұшқыр, сөзі нық. Сондықтан жастар соғыс ардагерінің шаңырағына келіп, мазмұнды әңгімесі мен берекетті тірлігінен өнеге алу үшін жиі бас қосады.
Марина Гайворонская, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі
-Нина Никалаевнаға жиі келеміз. Ол бізге Ұлы Отан соғысындағы естеліктерін айтып береді. Ондағы жауынгерлердің ерліктерін өнеге етеді. Патриоттық рухта тәрбиелеп, жақын-жуықтарымызға әрдайым көмек көрсетуімізді қалайды. Сол үшін Нина әжемізді жақсы көреміз.
Нина Сорокина, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Президентіміз жастарға үлкен сенім артады. Сендер еліміздің болашағысыңдар. Дәрігер ретінде мен сендерге денсаулық тілеймін. Өйткені, мемлекетімізге дені сау, салауатты ұрпақ қажет. Бүгінгі сыйлықтары үшін, ардагерлерді бағалай білгені үшін Президентімізге алғысымды айтамын.
Нина Сорокина 25 жылға жуық уақыт Қарағандының әскери-дәрігерлік медициналық комиссиясын басқарды. Ал зейнеттік демалысында сүйікті ісіне көңіл бөліп, әскери хор құрамында өнер көрсетіп жүр.
«Майдан шебіндегі естеліктерді жүректен өшірмеуге әскери әндер мен ерекше күтім көмектеседі», - дейді ардагер. Бүгінде елімізде «Аға ұрпаққа қамқорлық» жобасы жүзеге асуда. Оның аясында әрбір соғыс ардагерінің әлеуметтік картасы әзірленіп, жан-жақты көмек көрсетілуде. Ал күнделікті күтімді қажет ететіндерге еріктілер тобы қол ұшын созбақ.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Марина Золотарева, Сайлау Игіліков