Қасымхан Алдабергенов: Рухтың мықтылығы, бірлігіміздің беріктігі айқын көрініс тапты
Ол сол кезде небары 17 жаста еді. Бозбала оқу-жаттығу кезінде алғырлығымен көзге түсіп, әуе десанты гвардиясына қабылданды. Талай рет жаумен бетпе-бет келіп айқасқан.
«Сол сәтте рухтың мықтылығы,бірлігіміздің беріктігі айқын көрініс тапты», - дейді соғыс ардегері.
Қасымхан ата қанды көйлек достарын еске алып, от пен оқ ортасында айтылған серттерін жырға қосады. Қазақтың қара домбырасын қасына серік еткен өнерлі жан айтыс, жыраулық өнердің жандануына сүбелі үлес қосты. Облыстық газетте ұзақ жыл тілшілік қызмет атқарды. Таным-тағылымы мол өлең жинақтары жарық көрді. Кеудесі қазыналы қария биылғы Елбасының Жолдауын жарқын болашаққа бастар жол деп біледі.
Қасымхан Алдабергенов, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-«Нұрлы жол» бағдарламасы, бұл кәдімгі елдің халықтың бойына жүгіретін тамыр, қан тамыры. Бүкіл даланың үстімен өтетін темір жол болсын, автожолдары болсын сахараның бойына қан жүгіртеді. Халық жаңа орынға мекендейді. Мал өсіреді, өнім өндіреді.
Елбасы құттықтауын Қасымхан ата ерекше сезіммен қабылдады. Келер жылы тоқсанға келетін қарт жауынгер әлі де ел өміріндегі талай игі өзгерістерге куә болатынына сенімді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедьяров