ҰОС ардагері Қабду Кәрменовке Мемлекет басшысының құттықтауы жеткізілді
Бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына қарт жауынгер өмірден түйгенін өсиет қылып келеді.
Қабду Кәрменов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Қазіргі жастар тек еңбек сүю керек. Еңбек болса бәрі болады. Таза еңбек істеген адам дұрыс болады. Өтірік айтпау керек. Ұрлық қылмау керек.
Соғыс аяқталғаннан соң Қабду ата елге оралды. Шәкірт тәрбиелеуден бастап, ауыл шаруашылығы саласына да сүбелі үлес қосты. Ұлт болашағы үшін жан беріп, жан алысқан, соғыс жылдары көрсеткен ерлігі үшін талай мәрте марапатталды.
«Бүгінгі марапаттың орны ерекше», - дейді қария.
Елбасының құттықтау хатын алған ардагер толғанысын жасырмады. Бұл шынайы еңбектің ешқашан ұмытылмайтынының дәлелі. Мемлекет басшысының бұл ілтипаты немересі Дана үшін де аса қымбат.
Дана Кәрменова, немересі
-Атам мен үшін мақтаныш. Өте жақсы көремін атамды. Мен үшін үлгі болып табылады. Өмір бойы еңбек етіп, жұмыс істеген адам.
Жүзге аяқ басқан Қабду Кәрменов зайыбы екеуі 11 баланы өсіріп, жеткізді. Бүгінде 22 немере мен 10 шөбере сүйіп отыр. Ашық аспанмен, ел тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен жандар әлі де елінің ұлтаны болуға даяр.
Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Дмитрий Пыхтин