Егор Ковлягин: Біздің жасымызда Украинадағы соғысты көру өте ауыр
Әлеуметтік қызметкерлер қарияның хал жағдайын күн сайын біліп тұрады екен. Өмірін еңбекпен өрнектеген өнегелі қарттың жасы тоқсанға келсе де, қимылы ширақ. Бұл ерекше қамқорлықтың арқасы дейді ардагер.
Егор Ковлягин қонақ қарсы алудан жалыққан емес. Мереке сайын ардагерді құттықтап келетіндер көп. Бүгінгі күн ерекше болып отыр. Мемлекет басшысының құттықтауын алып, бір жасап қалды.
Егор Ковлягин, ҰОС ардагері
-Президентімізге елдегі тұрақтылық үшін үлкен алғысымды айтамын. Бірлікті бағалай біліңдер деймін. Біздің жасымызда Украинадағы соғысты көру өте ауыр. Өйткені Отан қорғау жолында қасық қанымыз қалғанша бірге шайқастық, бірге еңбек еттік. Мұндай жағдай біздің елімізде ешқашан қайталанбасын. Айрандай ұйыған тыныштықты сақтап отырған Елбасымызға мың алғыс!
Павлодар облысында туып өскен майдангердің өмірі қиындыққа толы болды. Егор Ковлягин Жапон агрессорларына қарсы шайқасқа қатысып, Монғолияның шөл даласынан да өткен. Теңіз жағалауын күзеткен жаяу әскер қатарында қызмет етті. Сарғылт тартқан құжаттарының ішінде қария үшін ең қымбат екі награда бар. Ол «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Жапонияны жеңгені үшін» медалі. Осы екі марапат оны өмір бойы рухтандырып келеді.
Егор Ковлягин, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Жаяу әскер қатарында көп қиындық көрдік. Адам төзгісіз ыстық, ішетін су жоқ. Тек Хинган тауларына жеткенде ғана жағдаймыз аздап оңалғандай болды. Өйткені суға қолымыз жетті. Сондай ауыр сәттің өзінде біз ең алдыңғы шептен көрінуге тырыстық.
Қайсар жанның соғыстан кейінгі өмірі тың игеру кезеңіне сәйкес келді. Механизаторларды дайындайтын оқу орындарында сабақ беріп, жастарды еңбекке баулыды. Құлағы түрік қария елімізде кәсіби мамандар даярлау саласының жандануын құптап отыр.
«Бәрінен бұрын бейбітшілікті дәріптеңдер. Адамзат баласы үшін ең қорқынышты, ең үрейлі соғыс өрті шарпымасын. Менің тілегім бейбітшілік, еңбекті сүйіңдер, ерінбеңдер», - деп тілегін білдірді қарт майдангер.
Авторлары: Қарылғаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий