Алматылық ардагер Нұртай Қашағанов: Қазіргі заман - жастардың заманы
Бүгінде 90-ға келген қария сол ауыр жылдарды жиі еске алып , бүгінгі тыныштық пен тұрақтылыққа шүкіршілік етеді. Жаңа жылда Елбасының құттықтау хатын алып, ардагер бір жасап қалды.
Нұртай ата Беларусь республикасын өзінің екінші отаны санайды. Себебі, бар болғаны 16 жасында осы жерде соғысты бастаған ол, жау оғынан қатты жараланып аман қалған.
«1943 жылы бізді пойыздан түсе сала, Могилев түбіндегі майданға жіберді. Ол кезде әскери тәжірибеміз де аз еді», - деп еске алады қария.
Сол қиян кескі шайқастардың бірінде снаряд тиіп жараланған мені медбике тауып алмағанда, бүгінгі күнді көрмеспе едім дейді кейіпкеріміз.
Нұртай Қашағанов, ҰОС Ардагері
-Бомба түскен жерге екінші рет бомба түспейді. Тәртіп сондай. Сол жерде жатыр едім, бір дыбыс естіді. Бір әйелдер келген сияқты. Жөтеліп едім, келді де мені алып кетті. Жөтелмесем, ол жерде сол күйінше қалып қаламын.
Беларусь майданынан кейін Нұртай ақсақал Польша мен Чехословакияны азат етуге қатысып, Берлинге дейін барады. Мыңдаған кеңес әскерлерімен ұлы жеңісті жақындатқан жауынгер соғыс аяқталғанан кейін елге аман-есен оралып, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнайды. Бүгінде 90-ға қараған қария әлі де бос отырған жоқ. Жастармен жиі кездесіп, аталық ақылын айтып отырады.
Нұртай Қашағанов, ҰОС Ардагері
-Қазіргі заман - жастардың заманы. Біздің көрген күніміз, соғыс болмай-ақ қойсын. Бейбітшілік болсын. Тәуелсіздік баянды болсын. Халыққа ешқандай соғыстың керегі жоқ. Аман болайық!
Нұртай ата 5 бала өсіріп, олардан ондаған немере мен шөбере сүйді. Ұрпағы қазыналы қартты әлі үлгі тұтады. Бұл бекер емес. Себебі Жаңа жыл қарсаңындағы Елбасының ардагерлерге жолдаған құттықтау хаты қарт жауынгерлердің шын мәнінде ерлік пен өрліктің символы екенін дәлелдеді.
Авторлары: Ғайни Дәулетбаққызы, Ғани Бекенов