ҰОС ардагерлері Т.Оразов пен М.Баевтың өмір жолы - өскелең жасқа өнеге
Сұрапыл жылдары Сталинградты қорғаған Сыр өңірінің қаһарманы Тәнеш Оразов та Президент құрметіне бөленді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері тек Ұлы Жеңіс күні ғана емес, әрдайым құрметке лайық. Бұл құрметке Отан үшін от кешкен қаһармандар шын разы.
Майдангер Тәнеш Оразов қар жамылып, мұз жастанып жүріп қаһарлы Манштейн армиясының жолын тежеген жауынгерлер сапында соғысқан. Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде 90 жастан асқан ардагер ұлықтаушы ұрпақтың ізгілігіне сүйсінеді.
Тәнеш Оразов, ҰОС ардагері
-Президенттің айтқан сөзі барлығын келешекке пландап беріп отыр. Соны орындау керек. Егер ақылды болсаң, жақсылап оқы, заман оқығандікі. Заман еңбек жасағандікі. Кәсіп жасағандікі. Барлығы Нұрсұлтанның арқасында. Саясатшыл адам, бұған тең келетін қазір дүние жүзінде адам жоқ.
Дүниені дүр сілкіндіріп, жүректерге өшпестей із салған сұм жылдарда жағадан алған жаумен жағаласқан отандастарымыздың санында қисап жоқ.
Михаил Баев 1943 жылы Днепропетровск, Молдавия, Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия қалаларында соғысқа кіріп, танктер бригадасында командир болған. Қарт жауынгер Елбасынан келген хатты алған бойда жаны жадырап сала берді.
Михаил Баев, ҰОС ардагері
-Зенитті қарумен жауға қарсы күрестік. Ірі калибрлі пулеметпен талай рет фашистердің ұшағын құлаттым. Әсіресе Венгрия мен Югославияда көктен келген шабуылды тойтарған сәтіміз әлі есімде. Мұндай қасірет ешқашан ел басына тумасын деп тілеймін.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлқайдар Тұрлыханов