Оралдық ардагер Валентина Митрохина: Сұрапыл соғыс өрті өшті
Сұрапыл жылдар тарихында, әсіресе, Сталинград шайқасының рөлі зор болғаны мәлім. Міне, осы қанды қырғыннан аман оралған сондай жандардың бірі оралдық Валентина Митрохина да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жолданған құттықтауын алды.
Алапат соғыстың сәл ғана тыншыған сәттерінде әскери госпитальде түсірілген бұл суреттер Алевтина Тимофеевна үшін қымбат қазына іспетті. Сарғыш тартқан суреттерден өзінің болмаған жастық шағын іздейтіндей. Соғыс деген суық сөз алғаш естілгенде ол небары 17 жаста еді. 42-ші жылдың қарашасында әйгілі 62-ші армияның жылжымалы госпиталының құрамында Сталинград майданынан бір-ақ шықты.
Алевтина Митрохина, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Сол кездегі аязды күндер күні кешегідей жадымда. Қиын-қыстау уақытта жауға қарсы жұдырық болып жұмылған халықтың бірлігі мақтануға тұрарлық еді. Мен мейірбике ретінде жаралы жауынгерлерге жәрдем беріп жүрдім. Өте ауыр жарақаттарды көрдік. Снаряд жарықшағы қол-аяғын жұлып кеткен, көкірегін оқ тескен талай боздақтың өміріне араша тұруға тура келді.
«Өткенге салауат. Сұрапыл соғыс өрті өшті. Аттай 69 жыл артта қалып, Жеңістің 70 жылдық мерейтойына да жеттік. Міне, бізді Елбасымыздың өзі құттықтап жатыр. Ендігі көрер қызығымыз бейбітшілік туының биіктен ғана желбірей беруі болсын», - дейді Жеңісті Румыния жерінде қарсы алған майдангер.
Алевтина Митрохина, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Бейбітшілікті, елімізді сақтау, оның іргесін бекітуде көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор деп білемін. Елімізде ұлтаралық келісім мен халықтар достығының салтанат құруы да Елбасымыздың саясаты арқасында жүзеге асып отыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Мырзағалиев, Қанат Махмутов