III Жасөспірімдер Олимпиада ойындары: Бірінші жарыс күнінің қорытындысы
7 қазаннан 8-іне қараған түні Буэнос-Айресте жасөспірімдер Олимпиадасының алғашқы жарыс күні өтті. Қазақстандықтар бадминтон мен спорттық акробатикада сәтті өнер көрсетті.
Назарларыңызға бірінші жарыс күнінің қысқаша қорытындысын ұсынамыз.
Диана Назарова 100 метрге шалқалай жүзуде іріктеу сынынан аса алмады. Ол өз тобында 6-шы, жалпы есепте 19-шы орында қалды.
Теннисші Достанбек Ташболатов да алғашқы айналымда жеңіліске ұшырады. Ол жасөспірімдер рейтингінде көш бастап тұрған тайпейлік Хсин Чун Ченгпен кездесіп, екі сет қорытындысы бойынша ұтылды. Енді ол жұптық сында ел намысын қорғайды.
44 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған таэквондошы Әсел Усманова 1/8 финалда болашақ Олимпиада чемпионы Полина Щербаковаға есе жіберді. Есеп: 1:15.
Бадминтоншы Дмитрий Панарин өз тобындағы алғашқы кездесуді жеңіспен бастады. Бірінші кезеңде жерлесіміз молдовалық Кристиан Савиннен 2:1 есебімен басым түсті. Бүгін ол Фиджи аралдарының өкілімен кездеседі.
Дмитрий Немеренко мен Анастасия Архипова жұбы спорттық акробатикадан финалға жолдама алды. Іріктеу қорытындысы бойынша олар 6-орыннан көрінді.
Ақпарат көзі: оlympic.kz