Светлана Пащенко велоспорттан топтық жарыста жеңімпаз атанды
Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында велоспорт додасы жалғасуда. Топтық жарыста қазақстандық Светлана Пащенко мәреге бірінші болып келді.
Олимпиада ойындарында велоспортшылар кешенді түрде жарысуда. Бүгін қыздар арасында 63,9 шақырымға созылған топтық жарыс аяқталды. Қазақстандық спортшылар бұл сында сәтті өнер көрсетіп, Светлана Пащенко 01:41.20 уақыт көрсеткішімен топ жарды. Тағы бір спортшымыз Марина Курносова жарысты жетінші орынмен аяқтады.
«Бірінші келгеніме әлі де сене алмай тұрмын. Мәреге жақындаған тұста жаңазеландиялық спортшымен бірге топтан қара үзіп кеттік. Кейін қарсыласымның өзін жақсы сезінбейтінін байқадым да, алға басып оздым. Бар болғаны осы ғана... Маған үлкен көмек көрсеткен командаласым Маринаға рахмет! Қазіргі көңіл-күйіміз тамаша!», – дейді Светлана.
Спортшылар кеше өткен жекелей сында неліктен сәтсіздікке ұшырағандарын да түсіндірді.
«Кешегі жарыс күнінде де жақсы нәтиже көрсететін мүмкіндігіміз бар еді. Алайда бәсеке басталған бойда біраз уақыт жоғалтып алдық. Сол тікелей әсерін тигізді. Алда әлі жарыс күндері бар. Маунтинбайктан да өзімізді жақсы көрсетеміз деп ойлаймыз. Өйткені маунтинбайк додасында да үздік үштікке енуге әлеуетіміз жетеді», – дейді Марина.
Айта кетейік, Светлана Пащенко өз қатарластары арасындағы Әлем және Еуропа чемпиондарын да артта қалдырды.
Бүгін жеңіске жеткен спортшылар Қазақстан намысын абыроймен қорғап, намысты қолдан бермейтінін жеткізді.
Ақпарат көзі: olympic.kz