Стелла Суханова Аргентинада қола медаль иеленді
Қазақстандық спортшы Стелла Суханова каноэ есуден спринт жарысында Аргентинада өтіп жатқан жасөспрімдер Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды.
15 жастағы Стелла Суханова іріктеу кезеңінде 1:54.64 нәтижені көрсетіп, келесі айналымға төртінші орынмен өтті. Содан соң Стелла аустралиялық қарсыласынан бұрын мәреге келді.
Ширек финалда Италия елінің өкілі Люкреция Зирониден озып кетті.
Жартылай финалда қазақстандық каноэ есуші венгриялық Эстер Рендессиге жол беріп, қола жүлдеге таласу мүмкіндігін алды. 3-орын үшін өткен сында Стелла Суханова неміс Джина Зинттен шамамен 3 секунд жылдам болды. Стелланың уақыты: 1:54.25.
«Өте қуаныштымын. Диас үшін де қуаныштымын. Эмоциямды сөзбен жеткізе алмаймын. Жарыс өте қиын болды. Қола медаль оңай келген жоқ. Елім үшін қуаныштымын. Бұл біздің спорт үшін жақсы жетістік. «В» жолымен жарысу оңай болған жоқ. Әсіресе бұрылысқа кіру қиынға соқты. Жартылай финалда қобалжу әсер етті де, сенімсіздеу өнер көсерттім. Ал қола медаль үшін таласта барымды салдым», – дейді каноэ есу жарысынан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Стелла Суханова.
Айта кетейік, осы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Алғашқы екеуін дзюдошылар Бекарыс Сәдуақас пен Маргарита Гриценко жеңіп алған еді.
Ақпарат көзі: olympic.kz