Боксшылар тағы екі медаль жеңіп алды
Бүгін жасөспірімдер Олимпидасының бокс турнирінің кешкі сессиясында медаль үшін кездесулер өтті. Екі қазақстандық боксшы ел қоржынына екі медаль салды.
91 келі салмақ дәрежесінің финалында Айбек Оралбай өнер көрсетті. Оның қарсыласы алжирлік Мохаммед Амин Хасид болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті Айбек Оралбайға берді. Үшінші орын пуэрторикалық Элвин Каналеске бұйырды.
«Мен бұл боксшымен әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен едім. Ол жолы да, бүгін де жеңіске жетті. Екінші раундта қарқынды күшейтіп, одан басым түстім. Бүгін қолдау білдіруге келген қазақстандық басқа спортшыларға, бапкерлерге алғысым шексіз. Олардың қолдауын сезіндім. Намысты қолдан бермей, алтынға қол жеткіздім», – деді Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай.
Тағы бір спортшымыз Надежда Рябец 69-75 келіде қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде ол алжирлік Ичрак Чаибті жеңді.
«Осында келгенде алжирлік спортшымен спаррингте тұрып, жеңуге болатынын түстіндім. Бұрын-соңды үшінші орын үшін кездесу өткізіп көрмедім. Әдетте, жартылай финалда ұтылсаң бірден қола медаль беретін. Шаршы алаңға шығып, өз жоспарымды жүзеге асырдым. Әрқашан бірінші орын алуды мақсат етемін. Бұл жолы еліме қола медальмен ораламын», – деді Надежда Рябец.
Ақпарат көзі: olympic.kz