Жасөспірімдер Олимпиадасы: Қазақстан спортшылары 4 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль иеленді
Буэнос-Айресте ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Төрткүл дүниенің жас спортшыларын бір ту астына біріктірген додада қазақ елінің спортшылары 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрама командасы үшін сәтті аяқталған ойынды қорытындылап, ел спортшыларының жетістігін тағы бір еске салуды жөн көрді.
Аргентина астанасында қазақ елінің спортшылары алтын санынан рекорд орнатты. Бұған дейінгі екі Олимпиадада біз үш алтынмен шектелгенбіз. Бұл жолы алтын саны тағы бірге артып, біз жүлде күтпеген спорт түрлеріндегі оғландарымыз топ жарды. Әрине, финалдағы екі боксшымыздың жеңісін алып қоймағанда, Әнұранымыз тағы бірнеше рет шырқалар ма еді? Дегенмен, бұл спорт. Төрешілер шешімі спортшылар үшін қашанда бірінші орында тұрары анық.
Буэнос-Айресте Қазақстан байрағын алғаш болып биікке көтерген – дзюдошы Бекарыс Сәудақас. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бекарыс өз қатарластарының арасында теңдессіз екенін тағы бір дәлелдеді. Олимпиада ойындары басталғанға дейін де біздің спортшы рейтингте бірінші тұрған болатын. Бекарыс Сәдуақас Олимпиада финалында грузиялық балуанды «ваззари» әдісімен жеңіп, чемпион атанды.
Каноэмен ескек есуден қызылордалық Диас Бахриддин ел қоржынына алтын салды. Спорттың бұл түрі елімізде қарқын алып келеді. Қазақстан спортшылары әлем кубогы кезеңдері мен ірі халықаралық турнирлерде жүлде алып жүргенін қуанышпен хабарлағанбыз. Енді міне, Диас секілді жас өрен Аргентина төрінде Әнұранымызды шырқатты. Қазақ спортшыларының оң жамбасына келе бермейтін каноэден Олимпиадада топ жару елдегі бұл спорт түрінің дұрыс бағытта екенін көрсетсе керек. Біз бұл жеңіс Диастың үлкен спорт әлеміндегі бастамасы екеніне сенеміз.
Велоспорттан ерлер арасындағы кешенді жарыс Қазақстан командасының жеңісімен аяқталды. Глеб Брусенский мен Евгений Федоров Александр Винокуров бастаған жеңісті дәстүрді жалғастыратындар жоқ еместігін тағы бір дәлелдеді. Негізінен тасжолдағы жарысқа икемделген спортшылар өз ыңғайына келе бермейтін маунтинбайк додасында да аянып қалған жоқ. Бес күнге созылған кешенді жарыста велоспортты ұлттық спортынан кем көрмейтін еуропалықтарды басып озу жас шабандоздар үшін үлкен ерлік екені сөзсіз.
Боксшы Айбек Оралбайдың алтыны біз үшін таңсық емес. Қазақ боксшыларының Олимпиададан құр алақан оралмайтыны белгілі. Ал Айбектің Аргентина астанасындағы жеңісі біздің бокс әлеміндегі орнымыз ерекше екенін тағы бір дәлелдемек.
Қазақстан спортшыларының қоржынында 3 күміс мен 3 қола медаль барын да хабарладық.
Күміс жүлдені екі бірдей қазақ боксшысы иеленді. Дамир Тойбай мен Талғат Шайкеннің жеңілісіне шүбә келтірушілер көп. Шетелдік әріптестеріміздің өзі біздің боксшылардың бір бас жоғары болғанын мойындап отыр. Дегенмен, спорттағы мұндай сәттердің өзі жас боксшыларды шыңдай түсері сөзсіз. Болашақта Дамир мен Талғаттың үлкен Олимпиада ойындарында да атой саларына сеніміміз кәміл.
Дзюдодан финалда ғана сүрінген Маргарита Гриценко да келешегінен зор үміт күттіретін спортшылардың бірі. Ірі халықаралық жарыстарда ерлеріміз медаль еншілегенімен, қыздарымыздың жүлде ауылынан алыс қалатыны анық. Алдағы уақытта Маргарита осы олқылықтың орнын толтырады деп ойлаймыз.
Стелла Суханова (каноэде ескек есу), Надежда Рябец (бокс) және Әбілмансұр Батырғали (каратэ) жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль алған өрендеріміз. Әбілмансұр Қазақстан тарихында тұңғыш рет каратэден Олимпиада жүлдесін алған спортшы ретінде тіркеліп отыр.
Айтпақшы, халықаралық команда сапында Бекарыс Сәдуақас қола, көркем гимнастика өкілі Роза Абитованың күміс жүлдегер атанғанын да ұмытпау керек.
Жасөспірімдер Олимпиадасын қорытындылай келе, бұл дода біздің жас спортшылар үшін үлкен сабақ болғанын айтқымыз келеді. Біз бүгінгі чемпиондар мен жүлдегерлердің болашақта ел байрағын биіктерден желбіретініне сенеміз.
Ақпарат көзі: olympic.kz