«Жеңіске құрмет!» акциясы атыраулық ардагерлерді де қуантты
Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей «Фронтовичка» хорын ыстық ілтипатпен қарсы алды. Құшақтары гүлге толған ардагерлер мектеп сахнасына көтерілді. Ол заңды да. Өйткені бұл өнерпаздар қандай құрметке де лайық.
Мерекелік шара барысында біздің арна тілшілері «Фронтовичка» хорын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, «Хабар» Агенттігі атынан баян тарту етті. Ардагерлердің өтініші бойынша, Ресейдің Тула қаласынан арнайы тапсырыспен алдырылған аспапқа ұжым ерекше ризашылықтарын білдірді.
Анна Захарова, Ұлы Отан Соғысының ардагері, хор жетекшісі
-«Хабар» Агенттігі біздің хордың көпшілікке танылуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінгі сыйлыққа ерекше алғыс айтамыз. Сіздер сыйлаған баян үні Тәуелсіз елдің аспанын жорық жырларымен тербейтін болады. Біз халіміз жеткенше, өнерсүйер қауымға қызмет етеміз!
Ардагерлер хорының репертуарында 50-ге тарта ән бар. Тыңдағанның жанын жадыратып, жігерін жанитын мұндай әндер ардагерлердің өздерін де жасартып тастайды. Көрген бейнеті көп, еліміздегі ең егде ұжымды қайсарлық пен өмірсүйгіштіктің нышаны десек, артық айтқандық болмас. Мысалы, хор жетекшісі Анна Захарова биыл 90-ға толады. 17 жасында от кешкен кейуананың соғыс салған жарақаты ауыр. Омыртқасына операция жасаған дәрігерлер оны өмір бойы төсекке таңылып қалады деген болатын. Ал қайсар ана 5 баланы өмірге әкеліп, бүгінде 13 немере мен шөбере сүйіп отыр. Жалпы мұндай мысалды хор мүшелерінің әрбірінің өмірбаянынан табуға болады.
Валерий Зотов, Еңбек ардагері, хор мүшесі
-Шыны керек, біз жыл санап жасарып келе жатқан жоқпыз. Соған қарамастан, көрерменнің ыстық ықыласы мен еліміз көрсетіп отырған қамқорлықтардың арқасында бойда бар өнерді жас ұрпақтың санасына сіңіруге еңбек етудеміз.
Бүгінгі мерекелік кеште орындалған әндерді көрермендер жылы қабылдады. Тіпті кейбірін жастар толы зал ардагерлермен бірге орындады. Әсіресе, миллиондардың жүрегіне жол тауып, Ұлы Жеңістің Әнұранына айналған «День Победы» әні шырқалғанда, жас та, жасамыс та қатты тебіренді.
Сымбат Достан, мектеп-лицейдің түлегі
-Ер есімі-ел есінде дегендей, ардагерлер қашан да біздің есімізде қалады. Біздің бүгінгі Тәуелсіздік таңына себепкер болған ардагерлерге лицейімізге келгені үшін көп-көп алғыс айтқым келеді.
Арыстанбек Кенже, тілші
-«Фронтовичка» хорының орындауындағы әндер жан-жүректі толқытар сырлы сағыныш пен аяулы армандарға толы. Содан ба, олардың әр концертін өнерсүйер қауым зор қуанышпен, ерекше ілтипатпен тыңдайды. Ал енді Ұлы Жеңіс мерекесіне санаулы күндер қалған қазіргі сәтте ардагерлер хоры облыс жұртшылығының қадірлі қонағына айналған.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Әзілхан Уахитов, Амантай Мәтенов