«Жеңіске құрмет!» республикалық акциясын қолдаушылар көп
Бибішайда Қасымқызы өзі бастама көтеріп, жұбайы Ұлы Отан соғысы ардагері Зейнулла Ешмұхамбетовтың бірнеше естелік суреттерін мұражайға тапсырды. Орал қаласынан Қанат Манкеев те акцияға қатысып, әкесінің суреттерін ұсынды.
Зейнулла Ешмұхамбетұлы майданға Ақмола өңірінен аттанады. Соғыстың
бас-аяғын өткерген соң, Жеңісті Берлинде қарсы алады. Сосын арнайы тапсырмамен Германияда қалады.
1950 жылдары елге оралып, Бибішайда Қасымқызымен отау құрады. Дегенмен де Бибішайда әжейге жұбайымен өмірінің соңына дейін бірге болуды жазбапты. Қазір 4 ұл 2 қыз өсірген Батыр ана немереден шөбере сүйіп отыр.
Бибішайда Қасымқызы, Ұлы Отан соғысының ардагері, З.Ешмұхамбетовтың зайыбы
-Аман-сау елге сенің оралғаның,
40 жыл Жеңіс күнін көре алмадың.
Сайраңдап балалардың ортасында,
Шалқып, біразырақ жүре алмадың.
Ағаңыз ақкөңіл, адал, еңбекқор. Ешқандай арамдығы жоқ сондай адам еді.
Соғыс басталған жылы әжей 9 жаста болған. Еңбекке ерте араласып, тың игеруге қатысты. 80-нің сеңгіріне шыққан қария Зейнулла ақсақалдың соғыс жылдарындағы суретін мұражайға ұсынуды жөн деп тауыпты. «Келешек ұрпақ ұмытпай ұлықтаса екен», – дейді.
Бибішайда Қасымқызы, Ұлы Отан соғысының ардагері, З.Ешмұхамбетовтың зайыбы
-Кейінгі мынау жас ұрпақтар көріп, немерелерім-шөберелерім солар еске алып жүрсін атамыз осындай болған екен, әжеміз осындай болған екен деп.
Жайық өңірінен акцияға атсалыспақ болған Қанат Манкеев әкесінің естелік суреттерін мұражайға тапсырмақ. Ал әкесі Айтқали Манкеев 1941 жылы алғашқылардың бірі болып өзі сұранып майданға кетеді.
Шыңғырлау ауданынан шақырылған жас алдымен Орынбордағы атқыштар мектебінде 3 ай оқиды. Кейін армия генералы Ватутиннің басшылығындағы екінші Украин майданында жүріп, Днепрді алу үшін болған қиян-кескі шайқастарға қатысады.
«Қызыл Жұлдыз», 3-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. «Аға буынның бейбітшілік жолында еткен еңбегі өз бағасын алуы тиіс», – дейді майдангердің ұлы.
Қанат Манкеев, Ұлы Отан соғысының ардагері А.Манкеевтің ұлы
-Бізден кейінгі болашақ балаларымыз солар біліп жүруі керек. Сондықтан да мен ойлаймын осы акция өте керек деп. Біздің балаларымыз, мына артымызда еріп келе жатқан немерелеріміз соны біліп жүруі үшін.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Талғат Серікқалиұлы, Жәнібек Дәулетбек