«Жеңіске құрмет!» шарасы аясында шымкенттік майдангерге құрмет көрсетілді
Төлеген ата қонақтарды парадқа арналған әскери киімімен қарсы алды. Кеудесі әскери жағдайдағы ерлігі мен бейбіт кездегі ерең еңбегі үшін алған орден, медальға толы. Жалғыз емес екен, бауырларын да шақырып қойыпты. «Хабар» агенттігі атынан сыйлыққа алынған теледидарды зор құрметпен қабылдады. Осыдан кейін сонау сұрапыл жылдар туралы қарт майдангер естеліктермен бөлісті.
17 жасында майданға атттанған Төлеген Жақыпбаев 8 жылға тарта әскер қатарында болыпты. Сталинград түбінен Қиыр Шығысқа жіберген. «Рейхстагтың үстіне ту тігілген кезде біздер жапондардың шебінде болдық», - дейді. Күзге қарай ұрыс басталған.
Төлеген Жақыпбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Харвин деген қала бар, Мульзар деген қала бар, сол жерде 20 күнде бітті ғой соғыс. Сол 20 күнде біткен соң қайтуымыз керек еді, қайтарған жоқ, біз қалдық.
Әскери шен алып, елге 50-інші жылдары бірақ оралған. Одан соң 30 жылдан аса Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде еңбек етті. Әскери тәртіпті әлі күнге дейін сақтайды. Немерелеріне тек үздік оқуға тапсырма берген екен. Орындапты.
Төлеген Жақыпбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-«Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқып, бір немерем бітіріп келді. Екінші немерем Америкада оқып, Астанада жұмыс істеп жатыр. Бұл менің ұрпағымның жалғастығы.
Көгілдір экраннан жаңалықтарды жібермей көретін ардагер ел Тәуелсіздігінің мықты қолда, тыныштықтың бұзылмауын тілейді. Жастарға осы тілекті жиі айтады екен.
Мұқан Омаров, Әл Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
-Студенттермен, мектеп оқушыларымен кездескенде осы кісілерді әдейі алып барамыз. Осы кісінің өмірлік тәжрибесін, тәрбиесін кейінгі ұрпақ үлгі ретінде жиі араластырып тұрамыз.
Төлеген ата енді шөберелері үздік оқуы үшін тапсырманың жаңа талабын ойластырып жатыр екен.
Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов