«Хабар» агенттігінің ұжымы ардагер Нина Лобачты құттықтады
Федеров ауданының тұрғыны майдангер Нина Лобачқа жерлестерінің құрметі ерекше.
Үй шаруасын әлі күнге өзі атқаратын 92 жастағы майдангер үшін автоматты кіржуғыш машина жөн деп шештік. Әзір болған сыйлықты алып, тиісті мекенжайға тарттық. Әжей «Хабар» агенттігі қызметкерлерін қуана қарсы алды.
Нина Лобач қоғамдық өмірде белсенді жан. Алайда биыл денсаулығы сыр беріп, сыртқа шыға алмай қалыпты. Көзінің көруі нашарлаған. Ардагер: «Жаңа жабдық қолымды ұзартатын болды», – деп алғысын білдірді. Өмірге құштар қария техниканың тілін де үйреніп алды.
Кір машина жұмысына кіріскесін, кейіпкерді сөзге тарттық. Нина әжей 1941 жылы Федеровтан қиырдағы Ставрополь өлкесіне атасына қонақта барады. Қыдырып жүргенде екі күннен кейін соғыс басталады. Шегінерге жол жоқ. 10-сыныпты енді бітірген қайсар қыз майданға сұранды. Бойы жетпей алғашында өтпеді. Ақыры еріктілер қатарына қабылданып, 1942 жылы зенитті пулеметтің атқышы болып соғысқа кірді.
Нина Лобач, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Бізді 1 ай оқытты. Жарғымен, пулеметпен таныстырды. Ал тура 1 айдан соң ұрысқа кірдік. Онда біздің рота Донның жағасында болатын. ДШК пулеметі деген өте үлкен калибрлі қару бар. Бір өзі 350 келі тартады. Атқан оғы әуені қалай тілгілесе жердегінің де зәре-құтын алатын.
Сталинград майданында зенит атқыш қыздар бір түнде жүздеген әуе шабуылына тойтарыс берген кездері болды. Ал күндіз пулеметшілер «Катюша» снарядтары тиелген эшелондарды қабылдап, шығарып салатын. Оқ пен оттың ортасында жүріп көрген-білгендерін кейінгілерге үйретті.
Нина Лобач, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Пулеметі меңгеру деген түк емес. Жасырынып жүріп 100 метр алға жылжу мұңға айналатын. Мәселен, пулеметшілер үшін окоп дөңгелек ұяшық сияқты диаметрі 3 метр етіп қазылады. Өйткені тігіңнен тік тұрып оқ жаудыру үшін ыңғайлы болуы шарт.
Нина Лобач Жеңісті Берлиннің маңында қарсы алды. Соғыс аяқталысымен, елге оралды. Федеров кентіндегі балабақшада табан аудармай 50 жыл еңбек етті. Тұрмысқа шығып екі баланы өмірге әкелді. Сталиннен алғыс хат, ерлігі үшін медалі ол үшін ең қымбат естелік. Оларға қарап қиындыққа толы жастық шағын еске алады. «Енді қайтып соғыс болмасын», – деп тілейді ардагер ана.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров