Ардагер Жақия Мұсатаев 9 мамырда Астана қаласында өтетін шеруге қатысады
Біздің тілшілеріміз қарияның шаңырағында болып, шығармашылық ұжымның сәлем-сауқатын жеткізді. 92 жастағы ардагер әлі де тың. Жастайынан қолына қару алып, елін қорғауға аттанған жауынгер майдан даласында көрсеткен көзсіз ерлігі үшін бірнеше орден, медальды кеудесіне таққан.
«Сұрапыл жылдардың қасіретін енді келер ұрпақ көрмесе екен, тәуелсіздігіміз баянды болсын», – деп тілейді қарт.
«Хабар» агенттігінің сыйлығына қария балаша қуанды. «Енді су жаңа тоңазытқышта соғымның етін сақтаймын»,– деп әзілдеп те қояды.
Жақия Мұсатаев ақсақал екінші дүниежүзілік соғыста зеңбірекшілер батальонында болған. Ресей, Украина жерлерін азат етуге қатысқан. Волоколамск тасжолындағы басқыншылардың ойраны шыққан оқиғаға да куә болыпты. Тіпті кескілескен шайқаста асау Днепр өзенінен зілбатпан зеңбірек тиелген резеңке қайықпен жүзіп өтуден де тайынбапты. Осы жолы аяғынан ауыр жарақат алып, 1944 жылы туған жері Қарқаралыға оралған. Бірақ қол қусырып қарап жатқан жоқ. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласып, зейнетке шықты. Ақсақал: «Жас ұрпақ азаттықтың қадірін тереңнен түйсінсе екен», – деп тілейді.
Жақия Мұсатаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Жастар өсіп-өркендесін. Бірақ сол өсіп-өркендеудің өзінде өз-өзіңді қаузап отыру керек. Менің шешем айтатын: «Мен сені дүниеге әкелдім. Екінші анаң – еңбек», – деп. Теріс сөз бе бұл, теріс емес. Екінші анаң – еңбек.
Жақия ақсақал қазір қолына қалам алып, соғыс жылдарындағы естеліктерді, ел аузынан жинаған аңыз-әңгімелерді, ғибратты сөздерін қағаз бетіне түсіруде. Келер буынға сабақ болсын деген ниетпен.
«92 жастағы қарияның қайраты тың, санасы сергек», – дейді қолындағы қызы Раушангүл. Қарқаралыда қалған жалғыз ардагерге құрметтің жоғары екенін айтады. Белсенді жастар үнемі келіп, үй шаруасына көмектессе, жақында жергілікті билік үйіне су тартып беріпті.
Раушангүл Мұсатаева, ардагердің қызы
-Мына жердің бәрін жуып-шайып беріп кетті. Оның өзі ғанибет. Енді үйді сылау керек деп айтып жатыр. Суын кіргізіп беріп жатыр. Осындағы колледж бен №44 мектеп ұжымы жиі хабарласады. Қаладағы мекемелердің барлығы аяғынан тік тұрады.
Бұл күні Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Жақия ақсақалға мерекелік медаль табысталды. Қария енді 9 мамыр күні Астана қаласында өтетін шеруге қатыспақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асаинов