«Хабар» агенттігінің ұжымы майдангер Шәріп Рақымжаровты құттықтады
93 жастағы ардагер агенттік тілшілерін сымдай тартылып қарсы алғанда қайран қалыстық. Қарттың қайраты қайтпаған. Қайта жанарында ұшқын бар. Жеңіс күні қарсаңында тіпті тың сезінеді өзін. Намыстың құнын білетін ақсақалдың құрметке құрметпен тіл қатқаны деп түсіндік оны.
18 жасында соғысқа араласқан Шәріп атаның сұрапыл күндерді еске алғанда жүзі сәл күреңденді. Майдандағы достарын еске алғаны ғой. Өзі 1942 жылдан от кешіпті. Жауына оқ боратқан. Мерген болған. Атқыштар дивизиясы қатарында алғы шепте жүрді. Жараланды да.
Шәріп Рақымжаров, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Окопта жүріп, қозғалып кетіп бара жатқанда оң жағымнан келіп снаряд жарылды. Окопты жарып құлатып, денемді жауып тастады. Өне бойымды қан басып кетті. Қасымдағы жолдастарым көріп жатқан. Топырақтан шығарып алып, қан кеткен жерімді байлап санчастқа жіберді.
Жазыла бере Украина майданына араласты. Киевті азат етуге қатысты. Карпат тауын бекінген немістермен ұрыс жүріпті. Шәріп атаның шүріппені дәл басатын кезі сол. Ерлігі еленген. Тіпті партия қатарына қабылданып, дивизия туын күзету мәртебесіне ие болады. Кейін жоғарғы басшылық шешімімен Кушка қаласына офицерлік оқуға жіберіледі.
Шәріп Рақымжаров, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Соғыс болмасын. Соғыс адам баласына қасірет шектіретін, ұл-қызынан, туған-туысқанынан айыратын әділетсіз. Кейінгі ұрпаққа ондай соғысты көрсетпесін. Аспан ашық, жүзіміз жарқын болсын. Ел іргесі аман болсын.
Алдыңғы буын бейбіт өмірдің құнын біледі. Қантөгістің зардабын әбден тартқан. Сондықтан да олардың тілегі тым тәтті.
Авторлары: Амангелді Сейтханов, Аманжол Байғазин