Бүгінде "Хабар" екі телеарнаны, цифрлық платформаларды, 450 миллионнан астам қаралым жинаған 10-нан аса YouTube арнаны біріктіретін медиахолдинг, деп хабарлайды informburo.kz.
Қазақстанның жетекші медиахолдингтерінің бірі "Хабар" Агенттігі өзінің 30 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Бұл дата – тәуелсіз еліміздің ақпараттық кеңістігінің қалыптасу жолындағы маңызды белес.Мерейтой аясында Агенттік ардагерлеріне арналған ресми кездесу ұйымдастырды. Кешке "Хабардың" дамуына зор үлес қосқан алғашқы журналистер, режиссерлер, операторлар мен шығармашылық қызметкерлер қатысты. Олар – телеарнаның іргетасын қалаған, бүгінгі ұжымға үлгі болған тұлғалар.Мерекелік шара барысында аға буын мен қазіргі ұрпақ өкілдері қатар сахнаға шығып, ұжымның бірлігі мен сабақтастығын паш етті. Әр кезеңнің көрерменге танымал жүргізушілері – Сергей Пономарев пен Бибігүл Жексенбай, Қымбат Досжан мен Ерлан Бекхожин, Қымбат Хангелдина мен Зейнәлі Әліпбек, сондай-ақ Марат Мұхамедсалиев пен Светлана Коковинец қонақ алаңдарының тізгінін ұстап, буындар арасындағы алтын көпірге айналды.
Салтанатты жиынға ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев қатысып, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бейнеқұттықтау жолдап, "Хабардың" отыз жыл бойы елдің ақпараттық айнасы әрі кәсіби тележурналистердің мектебі болып келе жатқанын атап өтті.Мерейтойлық шараның бас серіктесі – Forte Bank. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания ретінде банк мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетіп, еліміздің мәдени және ақпараттық дәстүрлерін сақтау ісінің маңыздылығын айқындады.Агенттік басқармасының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев өз сөзінде ұжымның бүгінгі жетістігі ардагерлердің еңбегімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
"Хабардың" отыз жылдығында өздеріңізбен қауышу мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Бұл – ел тарихын бірге жазып келе жатқан жандардың қатарында болудың абыройы. Ардагерлеріміз өз тәжірибесін жастарға аманаттап, сол сабақтастық бүгінгі ұжымның басты құндылығына айналды. "Хабардың" ерекшелігі – өткенді құрметтеу мен жаңа жұлдыздарды жағу дәстүрінде", – деді ол.
Кештің мәдени бағдарламасы Агенттіктің бай тарихын бейнелеп, көрерменге жылы әсер қалдырды. Танымал әртістер Мейрамбек Бесбаев, Айгүл Иманбаева және Ержан Максим мерекелік концертте өнер көрсетті. Ал "Овощи и фрукты" тобының орындауындағы "Перекрёсток" әні "Хабар" түсірген алғашқы отандық телесериалдың саундтрегі ретінде ерекше әсер сыйлады.Мерекелік кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – қазіргі қызметкерлердің балаларының сахнаға шығуы болды. Бұл көрініс агенттіктің дәстүр сабақтастығы мен ұжымдық рухының мызғымас белгісіне айналды.Осылайша, "Хабардың" отыз жылдық мерейтойы өткенге тағзым етіп, болашаққа нық сеніммен қараған мазмұнды әрі рухани кеш ретінде ел жадында қалды.Бүгінде "Хабар" екі телеарнаны, цифрлық платформаларды, 450 миллионнан астам қаралым жинаған 10-нан аса YouTube арнаны біріктіретін медиахолдинг. Агенттік Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) мен Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) мүшесі, сондай-ақ 15 елде өз тілшілер желісін қалыптастырған.